Астанада Конституция күніне орай жаппай жүгіру жарысы өтеді
Астанада 31 тамыз күні ел бірлігі мен салауатты өмір салтын насихаттайтын жаппай бұқаралық Saryarqa RUN жүгірісі ұйымдастырылады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Айтулы іс-шара Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына және «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық акциясына орай өткізілмек.
Жүгіру Сарыарқа ауданындағы Ырыскелді қажы мешітінің аумағында (Ермек Серкебаев көшесі, 2) басталады. Тіркеу таңғы сағат 07:00-09:00 аралығында жүргізіліп, ресми бастау 09:00-де беріледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар үшін 4 шақырым және 7,6 шақырым қашықтықтар қарастырылған. Жүгіру бағыты мешіт аумағынан басталып, Кенесары хан ескерткішіне дейін жалғасады. Сол жерде спортшылар кері бұрылып, қайтадан мешітке оралып, мәреге жетеді.
«Бұл шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Сарыарқа ауданы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырып отыр. Әрбір қала тұрғыны мен қонағы өзіне ыңғайлы қашықтықты таңдай алады», - деді қалалық спорттық-бұқаралық іс-шаралар дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.
Айта кетейік, жарыс кезінде көлік қозғалысы тоқтатылмайды. Қатысушылар саны 1500 адамға дейін шектелген (лимит).