Спорт

Астанада Денис Тенді еске алуға арналған гала-шоу өтті

«Барыс-Арена» спорт кешенінде атақты мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдегері, марқұм Денис Теннің құрметіне арналған 5-ші турнир ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

2019 жылдан бері елімізде өткізіліп келе жатқан айтулы бәсекені Алматы қаласы 2 рет қабылдаса, Астана қаласында үшінші мәрте ұйымдастырылып жатыр.

Турнир Халықаралық конькишілер одағының (ISU) Challenge санатына кіреді. Биыл 25 мемлекеттен жиналған 115 таңдаулы спортшы жекелей сында (ерлер, әйелдер) және мұзда билеуден үздіктерді анықтап, ISU рейтингінің ұпайлары үшін таласты.

«Мәнерлеп сырғанаудан биылғы турнирдің бірнеше ерекшелігін айтуға болады. Біріншіден, қатысушылардың саны әлдеқайда өсті. 2023 жылы 80 спортшы жүлдеге таласса, биыл олардың саны 100-ден асты. Сондай-ақ, биыл алғаш рет АҚШ, Канада, Италия, Оңтүстік Африка Республикасы сынды елдер де қатысты. Бұл турнир деңгейінің өскендігін білдіреді. Екіншіден, Канада, Италия, Грузия, Армения елдерінің мәнерлеп сырғанау федерациясының президенттері арнайы қонақ ретінде тамашалады. Үшіншіден, гала-шоу барысында Денис Теннің бұрын-соңды ешкім естімеген туындылары көрерменге жол тартты», - деді жарыстың ұйымдастырушысы Әсия Сұрағанова.

Бұл турнир отандық мәнерлеп сырғанаушылардың осы жылдағы алғашқы ресми жарысы болғандықтан, дайындықтарын пысықтауға мүмкіндік алды.

Ерлер сайысы

1-орын. Михаил Шойдоров (Қазақстан) – 262.33 ұпай (95.50+166.83);

2-орын. Владимир Литвинцев (Әзербайжан) – 246 ұпай;

3-орын. Ника Егадзе (Грузия) – 242.43 ұпай.

Ерлер сайысында алғаш рет қазақстандық спортшы Михаил Шойдоров қысқа бағдарламада жеке рекордын жаңартып, жалпы бағдарламада Қазақстан атынан алғаш рет чемпион атанды.

Әйелдер сайысы

1-орын. Анастасия Губанова (Грузия) – 195.91 ұпай;

2-орын. Софья Самоделкина (Қазақстан) – 189.67 ұпай;

3-орын. Лара Наки Гутман (Италия) – 188.86 ұпай.

Әйелдер сайысында да жүлдеге деген талас шиеленісті өтіп, осы турнирдің тарихындағы ең үздік нәтиже тіркелді. Ал 2023 жылы Ресейден Қазақстан сапына ауысқан Софья Самоделкина күміс жүлдені жеңіп алды. Бұл спортшы 2021 жылы дәл осы додада жасөспірімдер арасында Ресейдің атынан чемпион атанған болатын.

Бүгін жарыстың қорытынды күні гала-шоуда көрермендер 2 дүркін әлем чемпионы, Олимпиаданың 2 мәрте күміс жүлдегері Евгения Медведева (Ресей) Денис Теннің композициясына өнер көрсетсе, Михаил Шойдоров «Кунг фу панда» кейпінде көрермен алдына шықты. Сондай-ақ, жұптық бәсекеде 2 мәрте Олимпиаданың күміс жүлдегері Евгения Тарасова мен Владимир Морозов, 2023 жылғы Еуропа чемпионы Анастасия Губанова, талантты Франция спортшысы Мари-Пьер және т.б. спортшылар өз қойылымдарын ұсынды.