Астанада ат спортынан әлемдік деңгейде бірнеше жарыс өтеді
Астанада конкур бойынша Еуразиялық лига кубогының кезеңі (FEI CSI1-W) және аттың жүріс мәнері, яғни дрессура бойынша халықаралық турнир (FEI CDI1) өтеді. Бұл – еліміздің спорт қауымдастығы мен ат спорты жанкүйерлері үшін маңызды оқиға болмақ. Әлемдік деңгейдегі жарыстардың өткізілуі туралы толығырақ Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
30 мамыр мен 1 маусым аралығында Астанадағы «Арғымақ» ат-спорттық-сауықтыру кешенінде Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қолдауымен конкурдан әлем кубогының кезеңі өтеді. Сонымен бірге халықаралық спорт күнтізбесіне енген CDI1 санатындағы дрессура турнирі де ұйымдастырылады.
Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдерден 60-тан астам шабандоз қатысады. Бұл 2026 жылы өтетін ат спорты бойынша әлем чемпионатына жолдама алуға қажетті рейтинг ұпайларын жинауға үлкен мүмкіндік болмақ.
Турнир аясындағы дрессура сайысы – шабандоз бен аттың үйлесімділігі, дәлдігі мен шеберлігі бағаланатын жоғары деңгейлі спорт түрі. Спорт пен өнердің тоғысқан көрінісі, көрермен үшін де ерекше әсерлі шоу болмақ.
Астана алдағы жарыстарға дайындалып жатқанда, жергілікті шабандоздар халықаралық деңгейде үздік нәтижелер көрсетуде. 2025 жылдың сәуір айында Ресейдің Челябинск қаласында өткен халықаралық конкур турнирінде «Арғымақ» кешенінің спортшылары 33 медаль (12 алтын, 10 күміс, 11 қола) жеңіп алған. Жарыс үш жас санат бойынша өткен: балалар, жасөспірімдер және ересектер. Көптеген жас спортшы үшін бұл алғашқы халықаралық жарыс болған.
Мамыр айында Екатеринбургте өткен «Жеңіс көктемі» атты бүкілресейлік турнирде астаналықтар тағы 23 медаль, соның ішінде 12 алтын жүлде иеленген. Бұл көрсеткіштер елордадағы ат спорты мектептерінің жүйелі жұмысы мен жоғары дайындық деңгейін дәлелдейді.
Сонымен қатар Сеулде өткен Азия Ат спорты федерациясы кубогында Малика Серік жасөспірімдер арасында кедергілерден секіру сайысында 1-орынға ие болды. 15 елден барған спортшылар қатысқан жарыс Маликаның алғашқы халықаралық жеңісі болған. Жас шабандоздың бұл жетістігі бүкіл ел үшін үлкен мақтаныш.
«Астанада халықаралық деңгеймен қатар ұлттық ат спорты түрлері де дамып келеді. 4 мамыр күні елорда ипподромында Жеңістің 80 жылдығына арналған республикалық бәйге турнирі өтті. 20 өңірден келген 100-ден астам жүйрік түрлі қашықтықта сынға түсті. Жарыс бағдарламасында топ бәйге мен аламан бәйге секілді дәстүрлі бәйге түрлері болды.
Жыл соңына дейін Астанада мынадай ат спорты жарыстары өтеді:
Шілде: Елорда кубогы құнан бәйге, аламан бәйге, жорға жарыс және ашық көкпар турнирі;
Тамыз: Конституция күніне арналған республикалық бәйге;
Қыркүйек: Маусым қорытындысына арналған көкпар сайысы;
25 қазан: Республика күніне арналған конкур жарысы;
Желтоқсан: Тәуелсіздік күніне арналған қысқы конкур турнирі», - деді Азамат Ағзамов.
Аталған жарыстың барлығы ұлттық спортты дәріптеуге, мәдени мұрамызды сақтауға және қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.