Спорт

Астанада арқан тартыстан турнир өтті

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен арқан тартыстан жеңімпаздар анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz

Арқан тартыс қазақ мәдениетінде терең тамыр жайып, күш, командалық рух пен бірлікті бейнелейді. Ұлттық дәстүрді насихаттайтын бұл спорт түрі 2024 жылдың басында федерация ретінде тіркелді. Ал жақында елордада өткен  5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында арқан тартыстан алғаш рет жүлде үлестіріліп, жерлестеріміз күміс жүлдені жеңіп алды.

«Арқан тартыс жарысын ұйымдастырудағы басты мақсатымыз - бұқаралық спортты дамыту.  Бәрімізге белгілі бұл спорт ежелден дәстүрімізбен біте қайнасқан. Өзге жарыстан ерекшелігі - төрешілер жеңімпазды анықтау барысында қатты араласа алмай, нағыз мықты жеңіске жетеді.  Біз бұған дейін түрлі спорт түрлерінен турнир өткізген едік. Ал бүгінгі бәсекеде түрлі спорттағы жастардың басын біріктірдік. Бұндай шараны бірінші рет өткізіп жатырмыз. Алдағы уақытта жалғастыру жоспарларымыз бар», - деді жарыс ұйымдастырушысы Әлішер Ислам.

Жарысқа Дүниежүзілік көшпенділер ойынының қатысушылары, гір спорты, қазақша күрес, еркін күрес федерациясының өкілдері, Invictus жаттықтырушылары, Алматыдан арнайы келген «Алатау жарық» компаниясы қатысып жатыр.

«Астана төрінде ұлттық спорттан керемет жарыстың ұйымдастырылғаны қуанышты жайт. Жарыста қаламыздың батырлары бас қосып, өзара мықтыны анықтайды. Жалпы осындай шаралар жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, зиянды дүниеден алшақ болуға мүмкіндік береді», - деп Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек өз ойымен бөлісті.

Чемпион атанған команда 500 мың теңге, 2-орын алған ұжым - 300 мың теңге, 3-орынға 200 мың теңге сыйақы табысталды.