Астанада 1000-ға жуық әуесқой желаяқ жаңа бағытта жүгірді
«Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында «Сарыарқа» ауданында жеңіл атлетикалық жүгіріс өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мегаполистегі қала тұрғындарының ең көп басын қосатын әрі танымал, қолжетімді спорт түрі саналатын жүгірістің осы жолғы басты ерекшелігі – қатысушылар жаңа маршрут бойынша бақтарын сынады.
4 шақырымдық қашықтыққа жалғасқан жүгіріс Арбаттағы Кенесары хан ескерткішінің алдынан басталып, Ырыскелді қажы мешітінің жанында мәресіне жетті.
«Астана – есірткісіз қала» ұранымен кезекті жүгірісімізді ұйымдастырдық. Бұл жолы жүгіру бағыты жаңартылды. Кезекті рет қатысушыларымыз Есіл өзенінің бойымен жаңа бағытта жүгірді. Қатысушылар әсерлерімен бөлісіп, разы болып жатыр. Сондай-ақ жүгірісіміз жиі ұйымдастырылса да, медальдарымыз үнемі жаңартылып тұрады. Бұның өзі қосымша эмоция беретіндігі сөзсіз. Жүгірістің арқасында қала тұрғындары демалыстың таңын спортпен бастауды әдетке айналдырып келеді. Қазірдің өзінде толық отбасымен қатысатындардың саны артып жатқаны анық байқалады. Елордамызда жүгіріс пен велошеруден өзге бұқаралық спорттың да түрін өткізуге атсалысып жатырмыз», - деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.
Жарысқа 1000-ға жуық әуесқой жүгіруші қатысып, 9:00-де 4 шақырымдық қашықтықты бастап кетті.
«10 жылдан астам уақыт бойы жүгіріп келемін. Бүгінде жүгіру әдет болып кетті. Салауатты өмір салтын өзім арқылы насихаттағанның арқасында өзге таныстарым да осы жолды таңдады», - деді жарысқа қатысушы Жансұлтан Қалдаров.
Бұқаралық жүгірістің соңында әдеттегідей қатысушылардың арасында велосипед ойнатылып, естелік медаль берілді.