Елорда велоспорт бойынша жылдың үздік өңірі атанды
Елордада Қазақстан велоспорт федерациясының дәстүрлі жылдық конгресі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Бұл маңызды жиында федерация 2024 жылдың қорытындыларын шығарып, үздік спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттады. Сондай-ақ велоспорт бойынша еліміздің үздік өңірін анықтады.
Спорттық-бұқаралық іс-шаралар және республикалық пен халықаралық жарыстардағы жетістіктер негізінде Астана қаласы 2024 жылғы «Үздік өңір» атағына лайық деп танылды. Марапатты елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Азамат Ағзамов қабылдады.
«Бұл – біз үшін мақтаныш әрі маңызды марапат. Осындай жоғары бағаға ие болғанымызға қуаныштымыз. Осы жетістік біздің ұжымның үйлесімді жұмысының, әріптестеріміздің қолдауының және ортақ мақсаттарымызды бөлісетін жанашыр жандардың арқасы деп есептеймін. Бұл табыс болашақта қоғам игілігіне бағытталған жаңа жобалар мен бастамаларға серпін беретініне сенеміз», - деді Азамат Ағзамов.
Сондай-ақ іс-шарада №6 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған Олимпиадалық резерв спорт мектебінің жаттықтырушысы Вера Риве «Үздік жаттықтырушы» атанса, ал сол мектептің спортшысы Мұрат Куйтенов «Жылдың үздік спортшысы» атағын жеңіп алды.
Бұдан бөлек, ардагер жаттықтырушылар Александр Кочетков пен Андрей Скляров федерацияның арнайы марапаттарымен марапатталды. Ал Владислав Горбунов велосипед спортын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хатқа ие болды.
Айта кетейік, 2024 жылы Астананың велоспорт мектебі қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасымен, сондай-ақ Қазақстан велоспорт федерациясымен бірлесіп, 100-ден астам бұқаралық іс-шара ұйымдастырды. Мектеп спортшылары республикалық және халықаралық деңгейде 300-ден астам медаль жеңіп алып, елорда спортының мәртебесін арттырды.