Спорт

Астаналықтар Азия чемпионаты мен әлем кубогінің жүлдегерлерін әуежайдан күтіп алды

Бүгін эстетикалық топтық гимнастикадан 10-13 қазан күндері аралығында Гонконгта өткен Азия чемпионаты мен әлем кубогінің төртінші кезеңіне қатысқан спортшылар оралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жарыста жүлде үшін Гонконг, Үндістан, Қазақстан, Канада, Корея, Қырғызстан, Малайзия, Сингапур, АҚШ, Жапония, Ресей, Беларусь елдерінің командалары сынға түсті.

«Қазақстан спортшылары әрдайым тек жоғары орындар үшін таласуға барады. Басты қарсыластардың бірі ретінде Жапония саналады. Жалпы жарыс барысына көңіліміз толады. Оның үстіне ересектер бәсекесінде ел намысын алғаш рет жаңа спортшылар қорғады. Қос командамыз күміс және қола жүлде иеленді. Жасөспірімдер санатында Alan-Junior чемпион атанып, LiЕl командасы күміс жүлдені еншіледі. Alan-Junior командасы әлем кубогінің төртінші кезеңінде де 3-орынға тұрақтады. Жалпы бұл жүлделер алғашқы және соңғы деп айтуға келмейді. Екі жыл сайын ұйымдастырылатын айтулы бәсекеде жерлестеріміз үнемі жүлдемен оралады», - деді Эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Мәдина Бектұрғанова.

Сары құрлықтың бәсекесінде ересектер мен жасөспірімдерден бөлек, 8-10, 10-12, 12-14 жас санатында да жас гимнасшыларымыз жүлдеге таласты. Жалпы айтулы турнирлерде Қазақстаннан 162 отандасымыз өнер көрсетті.

Енді спортшыларымыз Эстония астанасы Таллинде өтетін әлем чемпионатына дайындалатын болады.