Спорт

Astana run: Әуесқойлардың жазғы жүгірісі өтті

Бүгін әуесқой спортшылардың арасында дәстүрге айналған Astana run бәсекесі ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

2023 жылдан бастауын алған Astana run жүгірісінің басты ерекшелігі - 4 кезеңнен тұрып, жылдың әр мезгілінде өтеді. Бүгінгі шара - биылғы жылдағы екінші жазғы жүгіріс.

 «Astana run-ның басқа жарыстардан бірнеше айырмашылығы бар. Біріншіден, әр жүгіріс қаланың түрлі саябақтарында өткізіледі. Көктемдегі бәсеке Триатлон саябағында ұйымдастарылса, бүгін Орталық саябақта бас қостық. Неге? Себебі, кей адамдар спортпен айналысса да, үйінің қасындағы жаттығу алаңдарынан ұзай бермейді. Сондықтан кейбіреулер үшін бұл жаңа трасса да болуы әбден мүмкін. Екіншіден, біз балалардың жүгірісіне де мән беріп, жарқын эмоция сыйлауға тырысамыз. 3-6 жас, 7-9 жас,10-17 жастағы балалардың арасында жеңімпаз жеке-жеке анықталады. Үшіншіден, біздің әр жүгіріске қатысқан қатысушы медальдің бір бөлігін алып, төртеуіне де қатысса, домалақ күйінде толық медальді қалыптастырады. Жарысымыздың былтырғыға қарағанда танымалдылығы артып жатқанын байқап жатырмыз. Тек қана Астана ғана емес, өзге қалалардан да келушілердің қарасы біршама» - деді жарыс ұйымдастырушы Диана Сабырова. 

Шынымен де Astana run-ның танымалдығы артып жатқандығы қатты білінеді. Тура 1 жыл осы жарысқа қатысушылардың саны 300-400 ғана болса, енді сұраныстың артуына байланысты ұйымдастырушылар нөмірлердің 700-ге (ересектер - 400, балалар - 300) көбейткен.

«Астана қаласында соңғы күндері жаңбыр жауып, күн күрт суып кетті. Бірақ бұл жүгіруге еш кедергісін келтірмейді. Отбасымызбен салауатты өмір салтын ұстанамыз. 400 метрлік қашықтықта нешінші келгенімді білмеймін. Бірақ мен үшін, бастысы, жүлделі орын емес. Осындай жүгірістер арқылы спорттық мінезімді қалыптастырамын»,- деп 6 жастағы Батырхан Асқарұлы өзінің эмоциясымен бөлісті.

Жарыс барысында ересектер 18-29, 30-39, 40-49, 50-59, 60 жастан жоғары санатта жеңімпаздарды анықтаса, 3-9 жас аралығындағы балалар 400 метр, 10-17 жастағы жасөспірімдер 1 шақырымға жүгірді. 

Жарыс қорытындысы бойынша, 10 шақырым қашықтықта ерлер арасында 31:42 уақыт көрсеткішімен Әлімжан Балтабек топ жарса, әйелдер арасында Әлия Тұранова 37:05 уақытымен чемпион атанды. Бұл спортшыларға 80 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды.

«Астана қаласының тұрғыны болғандықтан, кез келген жүгірістен қалыс қалмаймын. Оның ішіне Astana run да кіреді. Көктемгі турнирде де топ жарып едім. Бүгін де 1-орын бұйырды. Ауа райы, жарыс атмосферасы керемет. Ешкімді қарсылас деп санамаймын. Тек өзімнің уақыт көрсеткіштерімді жаңартуға тырысамын»,- деді, чемпион атанған Әлімжан Балтабек.

Шара аясында тек үздіктер ғана анықталып қана қоймай, қатысушылардың арасында лотерея арқылы естелік сыйлықтар ойнатылды. Енді ертеңгі күннен бастап, күзгі жүгіріске тіркелу ресми түрде ашылады.