Спорт

Елорда парадзюдодан екінші мәрте айтулы турнирді қабылдады

Бүгін екінші жыл қатарынан елордамызда IBSA Judo Astana Grand Prix атты бәсеке ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазақстан ұлттық құрамасының парадзюдошылары Париж Паралимпиадасында жоғары нәтиже көрсеткен еді. Енді міне санаулы айдан кейін спортшыларымыз отандық жанкүйерлердің көз алдында белдесу өткізіп, көрермендерді қайта шеберліктерімен тәнті етті.

«Парадзюдо – жай ғана спорт емес, ол – рухтың күші, ерік-жігер мен жеңіске деген ұмтылыстың айқын үлгісі. Парижде өткен Паралимпиада ойындарында бір алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алған қазақстандық спортшыларымыз бүкіл әлемге мүмкін емес нәрсе жоқ екенін дәлелдеді. Бүгін олар өз шеберліктерін туған жерінде тағы бір мәрте көрсетуге мүмкіндік алады.

Бұл жарысқа әлемнің 15 елінен 100-ге жуық ең мықты дзюдошы қатысуда. Олардың бәсекесі адал, тартысты және қызықты болатынына сенімдімін. Бұл турнир тек спорттық шеберлікті сынап қана қоймай, достық, өзара құрмет және қолдаудың мерекесіне айналады деп ойлаймын», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов.

Турнир барысында 10 салмақта жүлде жиынтығы сарапқа салынып жатыр және Париж Паралимпиадасынан кейін салмақтар өзгерді. Шетелдік спортшылардың арасынан Паралимпиада жүлдегерлері, қатысушылары бақ сынап, бәсекелестіктің жоғары үлгісін көрсетуде. Әсіресе көрші Ресей Федерациясы біршама үзілістен кейін жарысқа мықты құрамын әкелді. Одан бөлек, қатысушы елдердің арасынан Бразилия 2024 жылдың басты спорттық шарасы саналған Париж Паралимпиадасында жалпы есепте топ жарса, Жапония мен Қазақстан ТОП-5 мемлекеттің қатарына енген.

«IBSA Judo Astana Grand Prix – 2024 жылдың ресми соңғы жарысы. Бірақ бұл Лос-Анджелес Паралимпиада ойындарына қатысу үшін ұпай үлестірілетін алғашқы турнир. Бәсекеде 18 жерлесіміз жүлдеге таласуда. Барлығынан үміт күтеміз. Кейбіреулері үшін бұл бірінші халықаралық турнир. Олардың тәжірибе жинауына үлкен мүмкіндік. Ал Париж Паралимпиадасының бірнеше қатысушысына жарақаттарын емдеу мақсатында қысқаша демалыс берілді», - деп Парадзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Жандос Қиянов та өз пікірін білдірді.

Beeline Arena спорт кешенінде өтіп жатқан жарыстың бірінші күні 9 салмақта жүлде жиынтығы үлестіріліп, Қазақстан құрамасы 4 күміс, 4 қола иеленді.

Айта кетейік, жарысты тегін тамашалай аласыздар. Жерлестерімізге қолдау көрсетейік!