Спорт

Astana Open: Шорт-тректен балалар арасында ашық чемпионат басталды

«Алау» мұз сарайы айдынында шорт-тректен кезекті ашық чемпионат ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

9-10 желтоқсан күндері аралығында жалғасатын бәсекеге Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Қызылорда, СҚО, Қарағанды облысы және Астана қаласынан 211 қатысушы тіркелген.

«Шорт-тректе Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша сынды ерлердің арқасында осы спортымыз танымалдылыққа ие болса, өткен демалыста аруларымыз Бейжіңде өткен World Tour кезеңінде әйелдер эстафетасы сайысында тұңғыш рет жүлде еншіледі. Бұл нәтиже шорт-тректің елімізде қарқынды дамып жатқанын білдіреді. 2023 жылы Astana Open жарысында 167 спортшы тіркелсе, биыл 211-ге дейін өсті. Турнирге келген облыстардың саны артты. Міне, бұл да айқын дәлел. Осындай сайыстар арқылы баланың бойындағы жігерлік, қайсарлық сынды қасиеттерді байқауға болады. Мінезі бар спортшы түптің түбінде жетістікке жететін кәсіби спортшыға айналмақ», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, шорт-тректен Астана қаласының аға бапкері Мәдіғали Қарсыбеков.

Жарыста 2011-2017 жылы дүниеге келген спортшылар жас ерекшеліктеріне байланысты 111, 222, 333, 500 метр қашықтықтарда жүлдеге таласады.

«Бастапқыда мәнерлеп сырғанау секциясына барып, артынша шорт-трекке ауыстым. Шорт-тректің арқасында Шымкент, Алматы, Астана секілді ірі қалаларды көру мүмкіндігіне ие болдым. Спорт мансабымда 8 мәрте чемпион атандым. Осы жолы да бірінші орын алуға ұмтыламын. Спорт арқылы өзге қалалардан жаңа достар таптым. Жақсы әсер алудамын» - дейді Қызылорда облысынан келген 8 жастағы Тайыр Мұхамеддинов атты жас қатысушы.

Жеңімпаздар әр жас тобындағы және әр қашықтық бойынша жеке біріншіліктерде анықталады.