«Астана – есірткісіз қала»: Елордада жаппай велошеру өтеді
Елордада 25 мамыр күні «Астана – есірткісіз қала» ұранымен жаппай велошеру өтеді. Бұл іс-шара салауатты өмір салтын насихаттап, қоғамды маңызды әлеуметтік бастамаларға біріктіруді мақсат етеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Велошеру бағыты 25 шақырымды құрайды. Қатысушылар Қосшы бағыты бойындағы айналма веложолдан бастап, Ильинка (Үркер) тұрғын алабындағы «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетеді.
Тіркеу велошеру күні, яғни 25 мамырда сағат 07:30-дан 09:00-ге дейін жүргізіледі. Басталуы – 09:00. Қатысу тегін. Әрбір қатысушы өз велосипедімен келуі тиіс.
Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Айтқалиеваның айтуынша, бұл – спорттық жарыс емес, сондықтан елорданың кез келген тұрғыны мен қонағы, жасына қарамастан, шараға қатыса алады.
«Бұл – баршаға арналған мерекелік велошеру. Жас ерекшелігіне ешқандай шектеу жоқ. Қатысушылар тек тіркеу кезінде медициналық анықтама ұсынуы қажет. Бұл – басты талаптардың бірі. Елорда тұрғындары мен қонақтарын белсенді қатысуға шақырамыз. Велошеру – салауатты өмір салтын насихаттайтын, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын ерекше оқиға болмақ», – дейді ол.
Ұйымдастырушылар велошеру соңында тіркелген қатысушылар арасында лотерея ұйымдастырып, бағалы сыйлықтар ойнатылатынын хабарлады.