Астана дуатлоны: Әуесқой спортшылар Триатлон саябағында бас қосты
Бүгін әуесқойлар арасында дәстүрге айналған дуатлон сайысынан жеңімпаздар анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жарысқа 130 қатысушы қатысып, бәсеке барысында 5 шақырым жүгіру, 20 шақырым велосипед, 2,5 шақырым жүгіруді еңсерді.
«Жылда күз мезгілінде өткізілетін дуатлон сайысы қатысушылардың қызығушылығын арттыруда. Мысалы, бастапқыда 50-60 қана азаматтар ғана қатысса, бүгін олардың саны екі есеге өсті. Неге? Себебі, бұл жылдың қорытынды турнирі деуге болады. Осыдан кейін тек 8 желтоқсан күні қысқы жүгірісіміз өтеді. Екіншіден, жүгіру мен велосипед қатар болғандытан, әр спорттың мықтылары жеңіске жетуге тырысады. Сондықтан Астанадан бөлек, Ақмола, Көкшетау, Қарағанды қаласынан да арнайы келіп жатқандар бар. Ауа-райы өте қолайлы. Бұл спортшылардың арасында соңына дейін таласты арттырады деп сенемін», - деді Астана қаласы бойынша Триатлон федерациясының президенті Евгений Больгерт.
Шынында да 11 градус жылы ауа-райында жүлдегерлер қатарына кіруге ниетті спортшылар бірден өзгелерден ерекшеленіп, жеке дара шықты. Қалалық жүгірістерде чемпион атанып жүрген 34 жастағы Әкім Еркебай бастапқы 5 шақырым қашықтық жүгіруде 16 минутпен бірінші келді. Бірақ 2 минут артта болса да, Сергей Прохоров, Борис Иванов, Иван Андреев сынды спортшылар велоспорт сайысында көшбасшыны қуып жетіп қана қоймай, басып озды. Ал шешуші 2.5 шақырым жүгірісте Әкім Еркебай кеткен есенің орнын толтырып, қайта өз басымдығын пайдаланып кетті.
Ерлер. Абсолют.
1-орын. Әкім Еркебай – 00:59:44
2-орын. Сергей Прохоров – 01:00:39
3-орын. Борис Иванов – 01:04:04
«2015 жылы салмағым 85 келі болған соң, азу мақсатында ақырындап жүгіріп едім. Сол сәтте марафон дейтін дүние барын біліп, шет-жағасымен таныса бастадым. Күнделігіме 60 жасқа дейін әйтеуір бір 42.2 шақырымды жүгіремін деген жоспар құрдым. Бірақ бұл мақсатыма 2017 жылы Үрімші марафонында қол жеткізіп, 3 сағат 13 минутта жүгіріп шықтым. Міне содан бері жүгіруге деген ниетім ашылып, онсыз тұра алмайтындай күйге жеттім. Жеңісімнің басты себебі – тұрақтылық деп санаймын. Бүгінгі жарысқа келетін болсақ, велосипед сайысы ыңғайсыздау тиді. Өйткені велосипедімді кеше ғана алғандықтан, толықтай қыр-сырын білмедім. Дегенмен, бұл чемпион атануыма кедергісін келтірмеді», - деп Әкім Еркебай эмоциясымен бөлісті.
Әйелдер. Абсолют.
1-орын. Дарья Старостина – 01:09:59
2-орын. Зарина Акижанова – 01:13:58
3-орын. Анастасия Вишнякова – 01:14:58
Ескерту: жеңімпаздар жас санаттары бойынша марапатталды.
Дуатлон сайысында жеңіске жетумен қатар, салауатты өмір салтын насихаттайтын жандар да жетерлік. Солардың бірі – спорттық шараның ең егде 75 жастағы қатысушысы Любовь Асанова.
«Жас деген - тек сан. Ниет болса, ешнәрсе де кедергі емес. Бүгін 2 сағатта мәреге жеттім. Бастысы – қатысу. 40 жылдан бері жүгіріп келемін. Мансабымда 69 рет марафон жүгірдім. Астана қаласындағы спорттық шараларды жібермеуге тырысамын. Өзімнің тәжірибем арқылы жастарға шынайы үлгі болсам деймін. Енді алда Түркістан марафонына қатысу жоспары тұр», - деп Любовь Асанова ойын білдірді.
Шара соңында жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Ұйымдастырушылар биылғы жоспармен шектеліп қалмай, келесі жылы жартылай Ironman бәсекесін (3.8 шақырым жүзу, 90 шақырым велосипед, 21.1 шақырым жүгіру) ұйымдастыруып, жаңашылдық енгізуге ниетті.