Астана қаласының мәслихаты шағын футболдан чемпион атанды
Астанадағы «Sairan Arena» спорт кешенінде ҚР мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай өткен шағын футболдан турнирдің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Шағын футбол Астана қаласы әкімдігінің басқармалары мен аудан әкімдіктерінің қызметшілері арасында өтті. Оған бас-аяғы 8 команда қатысып, екі күн бойы өзара мықтыны анықтады.
Нәтижесінде топ жарып, қарсыластарына дес бермей, әдемі ойын өрнегін көрсеткен Астана қаласының мәслихаты атынан шыққан құрама жігіттері жеңіс тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тақты. Ал екінші орынды Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты еншілесе, үздік үштікке қалалық Энергетика басқармасының командасы жайғасты.
Сондай-ақ, тартысты өткен доп додасында үздік номинация иегерлері де анықталды.
Атап айтқанда,
- «Үздік қақпашы» – Әлихан Мұнарбаев («SD family» командасы);
- «Үздік қорғаушы» – Әнуарбек Есеналиев (Энергетика басқармасының командасы);
- «Үздік шабуылшы» – Ералы Бауыржан (Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының командасы);
- «Үздік сұрмерген» – Алмас Рашид («SD family» командасы);
- «Үздік ойыншы» – Азамат Айтхожин (Астана қаласы мәслихатының командасы).
Айта кетейік, турнирдің жалпы жүлде қоры 2 200 000 теңгені құрады. Яғни 1-орынға 1 000 000 теңге, 2-орын иегерлеріне 700 000 теңге және 3-орынға 500 000 теңге берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы аптада Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай Ұлттық ат спортынан фестиваль, жоғары оқу орындары студенттерінің арасында спартакиада мен Астана қаласы әкімдігінің басқармаларына қарасты мекеме қызметшілері арасында волейболдан турнир өтпек.