Спорт

Астана қаласы кезекті рет көркем гимнастикадан Қазақстан чемпионатын қабылдады

Бүгін Астананың Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде қыздар арасында кеңінен танымал көркем гимнастикадан ел чемпионаты басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жарыста еліміздің 18 өңірінен 500-ге жуық жас гимнасшылар өнер көрсетіп жатыр. Бұл бәсекенің ерекшелігі - тек I разряд және спорт шеберлігіне үміткерлер ғана жүлдеге таласуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көркем гимнастикадан ел біріншілігінің жыл сайын Астана қаласында өтуі бекер емес. Себебі елорда өзге өңір спортшыларының келуіне өте қолайлы. 

Қазақстан чемпионатының ашылу рәсімінде ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Лола Әділбекованы салтанатты түрде құттықтап, жаңа қызметінде сәттілік тіледі. Одан бөлек, салтанатты шарада эстетикалық гимнастикадан Азия чемпиондары, елордалық «Фурор» тобы өз өнерімен көрерменді тәнті етті.

«Үш олимпиадалық циклден кейін Әлия Юсупова бас бапкерлік орнын босатып, федерация президенті қызметіне кірісті. Маған сенім артқан баршаңызға алғысымды білдіремін. Париж Олимпиадасынан кейін Эльжана Таниева спорттық мансабын аяқтауға шешім қабылдаған еді. Енді отандық көркем гимнастикадан ересектер арасында нақты көшбасшы жоқ. Бүгінгі бәсекеге келетін болсақ, тек I разряд және спорт шеберлігіне үміткерлер қатысып жатыр. Осы жарыста олар өздерінің шеберліктерін көрсетіп, келесі деңгейге өтуге мүмкіндік алады. Бұндай көпсайыс бәсекесі жылына бір мәрте ғана ұйымдастырылады», - деді бас бапкер Лола Әділбекова.

Көркем гимнасшыларымыз бұл жарыстан бөлек, келесі айда Сингапурда өтетін Азия чемпионатында бақ сынамақ. Осы орайда бас бапкер жаңа қызметі бойынша да пікірін білдірді.

«Бас бапкер ретінде алғаш рет тағайындалсам да, бұл қызмет мен үшін бейтаныс деп айта алмаймын. 10 жылдан астам уақыт бойы Әлия Юсупованың қасында жүріп, барлық ыстық-суығын көрдім. Бас бапкер ретіндегі басты мақсатым - бұған дейінгі дәстүрді бұзбай, шәкірттерімнің Олимпиада лицензиясын жеңіп алуын қалаймын. Өңірлердің дамуына келетін болсақ, Астана, Шымкент, Алматы қалалары, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары жоғары деңгейде деп айта аламын. Жекелеген спортшылардың арасынан әзірше Эрика Жайлауова көш бастап тұр. Одан кейін Ақбота Ертайқызы, Айым Мейіржанова, Милана Парфилова, Дария Кушербаева мықтылардың қатарына кіреді», - деп бас бапкер өз ойын айтты.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 13 сәуір күні мәресіне жетеді.