Астанаға бокстан әлем чемпионатының жүлдегерлері оралды
Астаналықтар Сербияның Ниш қаласында өткен әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатының чемпиондары мен жүлдегерлерін салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Елге оралған спортшылар қатарында әлем чемпионы Аида Әбікеева, әлем чемпионатының қола жүлдегері Наталья Богданова, сондай-ақ Анита Адишева, Карина Ибрагимова, Жасмин Кизатова және Надежда Рябец бар.
Еске сала кетейік, чемионат қорытындысы бойынша Қазақстан жалпы командалық есепте екінші орын алды. Бірінші орынды Ресей құрамасы (4 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль) иеленсе, үшінші орынға Түркия құрамасы (1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль) тұрақтады.
Бұл чемпионатта Назым Қызайбай Қазақстан тарихында тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы атанды. Алтын медальді Алуа Балқыбекова мен Аида Әбікеева жеңіп алды. Виктория Графеева мен Елдана Тәліпова күміс жүлдеге ие болса, Наталья Богданова қола медаль иеленді.
Чемпионатқа 50-ден астам елдің 239 спортшы қатысты. Бұл Қазақстан үшін жоғары бәсекелестікте өткен маңызды жекпе-жек екенін көрсетеді.