Спорт

Анастасия Городко: Фристайлға деген махаббатымның арқасында одан әрі шыңдала беремін

2025 жылдың қаңтар айының үздік спортшысы – сөзсіз, Анастасия Городко. Осы орайда Elordainfo.kz сайтының тілшісі 19 жастағы отандық фристайл жұлдызынан пікір алуды жөн көрді.

- 2025 жылдың алғашқы айында сіздің есіміңіз өте жиі айтылып, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты мен қысқы Универсиада ойындарында чемпион атандыңыз. Нәтижеге қаншалықты көңіліңіз толады?

«Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бұған дейін 2022, 2024 жылдары топ жарсам да, биылғы бәсеке ерекше болды. Себебі, жасөспірімдердің жаһандық додасын алғаш рет Алматы қаласы ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Артынша Италиядағы қысқы Универсиадада екі бірдей алтын медаль жеңіп алдым. Естеріңізде болса, 2023 жылғы қысқы Универсиадаға жол апатынан алған жарақатыма байланысты қатыса алмап едім. Сондықтан 2025 жылдың бірінші айындағы нәтижеге көңілім толады».

- 2022 жылы жол апатына түсіп, екі жылдай уақыт ресми жарыста бақ сынай алмадыңыз. Салдарынан 2023 жылғы қысқы Универсиаданы өткізіп алдыңыз. Осы орайда алғашқы қысқы Универсиада жайлы әсеріңіз қалай? Көпшілік қауым Универсиадаға студенттер ғана қатысып, жарыс деңгейі төмен деп жатады. Сіздің ойыңыз қалай?

«Иә, бұл менің алғашқы қысқы Универсиадам. Расын айтсам, мен де жарыстың деңгейі төмен болатын шығар деп ойлағам. Бірақ барлығы өте жоғары дәрежеде өтті. Таңғалдым десем де болады. Қарсыластарым да осал емес. Әлем кубогының кезеңдеріне тұрақты түрде қатысып жүрген біршама спортшылар болды».

- Келесі айда Харбинде IX қысқы Азия ойындары өтеді. Фристайлдан рекордтық 11 жүлде жиынтығы сарапқа салынғанымен, өкінішке қарай, могул сайысы кірмеді. Бұл жайтты қалай қабылдадыңыз?

«2011 және 2017 жылы ұйымдастырылған қысқы Азия ойындарында әйелдер бәсекесінде Юлия Галышева 3 дүркін чемпион атанды. Бірақ дәл Қытай қабылдаған 1996, 2007, 2025 жылдары фристайл-могул сайысы енбепті. Өкінішті. Енді наурыз айындағы әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалып, жоғары көрсеткішті тіркеуге тырысамын. Оған дейін 5 әлем кубогының кезеңі бар. Күнтізбе өте тығыз.

- Фристайл-могул деген сәтте Юлия Галышева мен сіздің есіміңізді еске түсіреміз. Бұл спортпен аруларымыз қаншалықты жиі айналысады? Фристайлмен шұғылдану үшін қандай қасиеттерге ие болу керек?

«Жалпы фристайлдан ұлттық құрамаға Шығыс Қазақстан облысы, Алматы облысы, Павлодар облысы және Шымкент қаласының спортшылары енген. Фристайлмен айналысамын дейтіндерге кеңесім: еш қорықпай, әр сәттен ләззат алуға тырысыңыз».

- Фристайл жарақат алу қауіпі жоғары спорттың қатарына жатады. Сізді де жарақаттар мазалайтын болар?

«Кәсіби спортпен айналысатындардың ішінде сау адамдар жоқ шығар. Ең бастысы, жарақатты дер кезінде және дұрыс емдеу керек».

- Қазақстанда боксшылар, балуан, футболшылар өте танымал. Сізді де көшеде танып, суретке түсе ме?

«Танымалмын деп айта алмаймын».

- Қазақстанда фристайл спорты қаншалықты танымал? Неге көпшілігі бұл спортпен айналыса алмайды?

«Фристайлмен барлық жерде айналыса алмайсың. Оның үстіне бұл спорт түрінде бапкерлер мен жаттығу алаңдары өте аз. Білетіндер үшін болмаса, фристайлдың аудиториясы қатты үлкен емес».

- Фристайл болмағанда қай спортты таңдар едіңіз? Еліктейтін тұлғаңыз бар ма?

«Бұл жайлы мүлдем ойламаппын. Бәлкім, жүзуге барар ма едім. Ешкімді пір тұтамын деп айта алмаймын».

- Сіз жасөспірімдер арасында үш дүркін әлем чемпионы, қысқы Универсиадада екі дүркін чемпион және ересектер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде алып үлгердіңіз. Фристайлмен одан әрі айналыса беруге не жігерлендіреді?

«Фристайлға деген махаббатымның арқасында одан әрі шыңдала беремін. Бір орында тоқтап қалмай, әрдайым өсуге ұмтыламын».

- Сұхбатыңызға көп рақмет!