Алматыда шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты басталды
Туризм және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің, Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) және Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) ұйымдастыруымен шахматтан кадеттер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Чемпионатқа Үндістан, АҚШ, Қытай, Қазақстан сияқты әлемнің 88 елінен 6-12 жас аралығындағы 850-ден аса жас шахматшы тіркелді. Чемпионаттағы ең жас шетелдік қатысушы – Молдова елінен келген Ярослав Агафонов. Ол 2019 жылдың 18 шілдесінде дүниеге келген.
Турнирдің ашылу салтанатына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, FIDE президенті Аркадий Дворкович және KazChess президенті Тимур Турлов қатысты.
«Ешбір шахмат турнирі, тіпті еліміздегі өзге спорттық іс-шаралардың ешқайсысы да мұндай ауқымды қатысушылар құрамын жинамаған. Бұл – қазақстандық шахмат пен тұтас еліміз үшін тарихи сәт. Біз қонақтарды қонақжай ретінде ғана емес, сонымен қатар әлемнің ең мықты шахмат державаларының бірі әрі турнирдің басты фавориті мәртебесінде қарсы алып отырмыз», – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
Ашылу рәсімінен кейін бірден 1-кезең басталды. Жалпы, 19-30 қыркүйек аралығында швейцар жүйесі бойынша 11 кезең өтеді. Уақытты бақылау – 90+30 форматы (әр партияға 90 минут және алғашқы жүрістен бастап, әр қадамға 30 секунд қосылады).
11 кезеңнің қорытындысы бойынша әлем чемпиондары, күміс және қола жүлдегерлер анықталады. Жарыс ұлдар (Open) мен қыздар (Girls) арасында алты (O8, G8, O10, G10, O12 және G12) жас санатында өтіп жатыр.
25 қыркүйек күні жас спортшылар үшін арнайы мәдени-спорттық бағдарлама ұйымдастырылады. Олар Шымбұлақ тау-шаңғы курортына экскурсияға шығады. Сондай-ақ шешім шығару бойынша әлем чемпионатына және жүлде қоры 2000 АҚШ долларын құрайтын блиц-турнирге қатыса алады.
Чемпионат аясында 27-28 қыркүйек күндері Satbayev University-де «Білім берудегі шахмат» атты III Халықаралық конференция өтеді. Конференцияға FIDE-нің «Chess in education» комиссиясының төрағасы, АҚШ өкілі Джерри Нэш қатысады.
Естеріңізге салсақ, былтыр Италияның Монтесильвано қаласында өткен әлем чемпионатына 77 елден 700-ден аса жас шахматшы қатысқан болатын. Биылғы чемпионатта қатысушылар саны артып, 88 елден 851 ойыншы, соның ішінде 231 қазақстандық тіркелді.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстанда шахматтан ең жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстардың, соның ішінде әлем чемпионаттары мен ерлер арасындағы әлем чемпионы атағы үшін матч өтті.