Спорт

Ақмарал Науатбек «Спорттағы үздік серпін» номинациясын жеңіп алды

Бүгін Астанада ҚР Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен жыл сайынғы «Үздік» премиясының жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Салтанатты жиынға ҚР Парламентінің депутаттары, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері, әлем біріншіліктері мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, спорт журналистері қатысты.

Кеш барысында Париж Паралимпиадасында пара дзюдодан ең жеңіл салмақта сынға түсіп, осы спортта алғашқы алтын медальді иеленген елордалық Ақмарал Науатбек «Спорттағы үздік серпін» номинациясын жеңіп алды.

Жыл қорытындысы бойынша «Үздік» деп танылғандар:

  • Елдос Сметов, Давид Дегтярев – «Жылдың үздік спортшысы»;
  • Ғалымжан Жылгелдиев, Юрий Колесников – «Жылдың үздік жаттықтырушысы»;
  • Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы – «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясы»;
  • Куанышбек Есекеев, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті – «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясының президенті»;
  • Еркебұлан Ілиясов, «Жамбы ату федерациясы» РҚБ президенті – «Үздік спорт меценаты»;
  • Ғизат Түсіпаев – «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы»;
  • Ерлан Тасболатов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері»;
  • Дархан Шариғатов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы»;
  • Мақат аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі – «Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі»;
  • Алматы қаласындағы «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» – «Жылдың үздік спорт ұйымы»;
  • Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы – «Үздік спорттық өңір»;
  • Илья Мизерных – «Жас және жасөспірімдер құрамындағы спортшы»;
  • Сергей Сергеев – «Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы»;
  • Надежда Ким – «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман»;
  • Жандос Айтбайұлы («Хабар» телеарнасы), Қуаныш Нұрданбекұлы («Егемен Қазақстан» газеті), Назерке Сұлтанбек («Sport+» сайты) – Сейдахмет Бердіқұлов атындағы премияның лауреаттары.

Айта кетейік, 2024 жыл Астана қаласы үшін өте маңызды болып, алғаш рет 89 елдің қатысуымен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ұйымдастырылған еді.