Спорт

31 жылдан кейінгі жеңіс: Ербол Хамитов Хрусталь глобусты жеңіп алды

Қазақстандық парабиатлоншы Ербол Хамитов 2024-2025 жылғы маусымның қорытындысы бойынша әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық спортшы атанды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл жетістік Қазақстан спортында 31 жылдан кейінгі тарихи жеңіс болды. Соңғы рет Хрусталь глобусті елімізге 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов (1990/1991 және 1993/1994 жылғы маусым) әкелген еді.

Швецияның Торсби қаласында маусымның соңғы жарысы – спринт өтті. Ербол бұл жарыста екінші орын иеленіп, маусым бойы жинаған ұпайларының арқасында Хрусталь глобусқа қол жеткізді. Бұл маусымда Ербол бірнеше маңызды жеңістерге қол жеткізіп, жалпы есепте 1005 ұпай жинады. Сонымен қатар ол биатлоннан әлем чемпионатында алтын медаль иеленді.

Қазақстандық тағы бір парабиатлоншы Александр Герлиц те осы жарыста жүлдегер атанып, өз санатында күміс жүлде иеленді. Қазақстан үшін қысқы спорт түрлерінде әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жету – өте сирек кездесетін және аса маңызды оқиға.

Бұл жетістік – Қазақстан параспортындағы жаңа белес. Енді басты мақсат – 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Паралимпиадада жеңіске жету.