Спорт

2024 жыл: Астана спортшылары қандай жетістікке жетті

11 айдың қорытындысы бойынша елордалық спортшылар жалпы 5 444 медаль жеңіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Оның ішінде 3 865 жүлдені астаналық спортшылар республикалық жарыстарда, ал 1 579 жүлдені халықаралық бәсекелерде еншіледі.

Елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері қалада 713 спорттық іс-шара өтті. Оның 492-сі – қалалық, 123-і – республикалық, 98-і халықаралық мәртебеге ие болды. Жаңа жылға дейін тағы бірқатар спорттық жарыстар жоспарланған.

2024 жылы ҚР Туризм және спорт министрлігі басты төрт жарысқа басымдық берді. Барлығында да астаналық спортшылар елеулі жетістіктерге жетті.  

19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясында IV Қысқы жасөспірімдер Олимпиада ойындары өткен болатын.

3×3 хоккей спорты жасөспірімдер Олимпиадасына алғаш рет енгізіліп, 8 мемлекет жүлдеге таласты. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы осы спорт түрінен тарихи қола жүлдені жеңіп алды. Құрама сапында Астана қаласының 9 спортшысы өнер көрсетті. Атап айтар болсақ, Никита Кулаков, Матвей Решетько, Расул Тұрсынов, Жахангер Тілеухан, Таир Бигаринов, Әділхан Тілеухан, Бексұлтан Мақыш, Арман Төлен және Ануар Ахметжанов.

26 шілде мен 11 тамыз аралығында XXXIII жазғы Олимпиада ойындары өтті.

Париж Олимпиадасының іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстанның барлық өңірлері арасынан Астана қаласынан ең көп (12 спортшы) жолдама иеленді. Оның ішінде алғаш рет ел тарихында егіз Айбек, Нұрбек Оралбай атты боксшылар барды. Екі аптаға жалғасқан жарыстың нәтижесінде бокстан 80 келіде өнер көрсеткен Нұрбек Оралбай күміс медальді еншілесе, үстел теннисінен астаналық Кирилл Герасименко 1/8 финалға дейін жетіп, жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында XVII жазғы Паралимпиада ойындары өтті.

Париж Паралимпиадасы да Астана үшін өте сәтті өтті. Олай дейтініміз, парадзюдодан J2 санаты бойынша 48 келі салмақта белдескен Ақмарал Науатбек ел тарихындағы бірінші алтын медальді жеңіп алса, J1 санаты бойынша 73 келі салмақта Ерғали Шәмей күміс жүлдегер атанды.

8-13 қыркүйек аралығында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұйымдастырылды.

Астана қаласында алғаш рет өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 43 алтын, 32 күміс, 37 қола медаль еншіледі. Бұл жетістікке Астана қаласы спортшыларының қосқан үлесі де зор. Өйткені елордамыздан 12 спорт түрі бойынша 29 жерлесіміз жүлдеге таласып, 18 медаль (8 алтын, 4 күміс, 6 қола) жеңіп алды. Олардың арасында Шаймерден Біржан (кураш), Серікбек Күнтуған (құсбегілік), Құдайберген Раилұлы (құсбегілік), Перизат Елемес пен Кәмила Даниярова (бес асық), Ерсұлтан Әуелбай (тоғызқұмалақ), Құндыз Есіркеп пен Биғали Зкрияев (мангала) топ жарды.

Биыл Астана қаласы дәрежесі жоғары бірнеше халықаралық жарыстарды қабылдау мәртебесіне ие болды. Мәселен, елордамызда Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes жеңіл атлетикадан турнирі, параүстел теннисінен ITTF F20 Astana Open 2024 халықаралық жарысы, көркем гимнастикадан Alem Cup халықаралық турнирі, дзюдодан QAZAQSTAN BARYSY GRAND SLAM халықаралық турнирі, бокстан (U-22) Азия чемпионаты, III «Елорда кубогы» халықаралық бокс турнирі, U-21 футзалдан құлақ мүшесі зақымданған спортшылар арасындағы әлем чемпионаты (ерлер мен әйелдер), Astana Half Marathon, клуб командалары арасындағы шахматтан әлем чемпионаты, V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны, Astana City Marathon Athletics road race label халықаралық жүгіру жарысы, үстел теннисінен Азия чемпионаты, грэпплингтен әлем чемпионаты, мәнерлеп сырғанаудан Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир, парадзюдодан «Астана Гран-при 2024» халықаралық турнирі өтті.