Тойға дейін бірге тұрдым: Әйтсе де блогер тұрмысқа шығып, жолы болғанын айтты
Кеудесі ашық көйлекпен ұзатылып, елге танымал болған Керім Найманбаева Анна Данченкоға берген сұхбатында тойдан бұрын болашақ күйеуімен бірге тұрғанын жасырмады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Өзінен 25 жас үлкен жігітке тұрмысқа шыққан журналист әрі блогер алғашында ана болуға, тіпті күйеуге шығуға дайын болмағанын айтты.
«Мен оған «Саған күйеуге шықпаймын, дәметпей-ақ қой» деп бетіне айтатынмын. Күлетін де қоятын. Ол да бірден ұсыныс жасаған жоқ. Мен артымнан біраз жүгірттім. Сөйтіп жүріп кеттік. Мен сол кезде КТК арнасында жұмыс істеп жүргенмін. Белгілі бір себептермен жұмыстан шығып кеттім. Басқа телеарнаға жұмысқа орналасқым келді. Әке-шешем қаланың сыртында тұратын. Мен қаланың ортасында тұрғым келді. Оған дейін де тұрғанмын. Сөйтіп, оған осы тілегімді айттым. Бірақ ол менімен бірге тұрады деп ойлаған жоқпын. «Мен жалғыз өзім тұрғым келеді, ешкіммен тұра алмаймын» дедім. Ол «Жүріп жатырмыз, бірге тұрайық. Мен жаман жігіт емеспін, сені бақытты етемін» деді. Содан кейін бірге тұра бастадық. 5-6 ай көлемінде жүрген соң өмірімдегі осы оқиғалар болды», - деді ол.
Айта кетейік, бұдан соң Керім Найманбаева тұрмысқа шығып, балалы болған еді. Дегенмен ол бұл қылығын қыздарға үлгі етпейтінін айтты.
«Бұл шешімім «дұрыс», «бұрыс» деп айта алмаймын. Әр қыз өзі шешеді. Менің жолым болған шығар. Ер азамат жауапкершілікті мойнына алып,бірден ұсыныс жасап, қалыңмал беріп, той жасап, бақытты етуге тырысты. Көп қыздарға олай істемейді. Тастап кетіп жатады. Баламен де, баласыз да. Бәрі өздеріне қатысты болады. Екі адамның арасындағы махаббат, ара-қатынасқа байланысты», - деп шындықты бүкпесіз айтты блогер.