Шоу-бизнес

Толқын Забирова: Бір күні мені тастап кетерсің

Танымал әнші Толқын Забирова бала сүйе алмаған кездегі көңіл-күйін еске түсірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Өнер иесі тұрмысқа шыққаннан кейін 5-6 жыл көлемінде сәби сүйе алмаған еді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы қыз-келіншектерге үндеу жасады. 

«Аптасына, айына бір жылап алатын уақытым болды. Бір жылап алып, күйеуімнің қасына барып, «Бір күні мені тастап кетерсің» деп айтамын. Күйеуім болса «Сен жындысың ба? Мен сені жақсы көремін ғой. Сол үшін де бізге Алла Тағала бала береді» деп мені жұбататын. Ол да мен секілді үмітін үзбейтін. Бір күні балалы болатынымызды айтқанымда менімен бірге қосылып жылап, күлетін шығар десем, маған қарап, «мен ешқашан күмәнданбағам» деп қояды», – деді әнші.

Өнер иесінің сөзінше, кейбір ерлі-зайыптылар балалы болмағаны үшін ажырасып кетіп жатқан көрінеді. 

«Сол уақытта жолдасымның маған деген қолдауы, махаббаты ерекше болды. Қиын сәтте ерлі-зайыптылар бірігуі қажет. Ажырасуға дейін бармай, екі жақтап қолдауы керек. Сәби күтіп жүрген кезде жұбайлар арасында қиыншылықтар болуы мүмкін. Өзімнің басымнан өткен», – деді өнер иесі.