«Тоқалдар атақ алған заман»: Әнші Нұрлан Еспанов ең үлкен өкінішін айтты
Танымал әнші, сазгер Нұрлан Еспанов «Астарлы ақиқат» бағдарламасында өнердегі ең үлкен өкінішін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Өнер иесі бағдарлама жүргізушісі Асхат Садырбайдың «Әлі күнге дейін Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағын алмауыңызды себебі неде?» деген сұрағына жауап берді.
«Әлі күнге дейін «Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағын алмадым. Өзімнің ақкөңіл мінезім құртты. Жеке парақшама әзіл саламын. Бір күні жоғары жақтағы ағаммен жолығып қалдым. «Мені 10 жыл алдап келдіңіздер. Құжат жина деп аласыздар да, кейіннен бермей қаласыздар. Сіздер үшін көп дүние жасадым» деп ренішімді айттым. «Парақшаңда іліп алатын салмақты дүние жоқ» деді. Мен айттым: «Ол менің жеке парақшам. Не салсам да өзім білемін. Әзіл айтамын. Жарнама жасаймын. Солай бала-шағамды асырап отырмын. Өмірде мені жақсы танымайды, бірақ сондай әңгіме айтады», - деді әнші.
Қазақ эстрадасының жұлдызы өзінен кіші әріптестері атақ алып жатқанда мұңайып қалатынын айтты.
«Бір күні өзімнен 10 жас кіші, сахнаға күні кеше шыққан әншілер атақ алып жатқанын көрдім. Тіпті, 30 жас кіші бір жігіт «Мәдениет қайраткері» атағын алғанда ішімнен ренжігенім бар», - деді өнер иесі.
Желі қолданушылары әншіге қолдау сөздерін аямауда.
«Нұреке, сіз біз үшін халық әртісінен кем емессіз», «Сізді халық қолдайды, сол атақты кім алмай жатыр», «Халықтың қолында болса, сол атықты сізге баяғыда беретін едік», «Сіз сол арзан атақсыз да мықтысыз, аға», «Тоқалдар бір әнмен атақ алған заман болды ғой», - деп жазды олар.