Шоу-бизнес

Шетелдік блогерлер қанша салық төлейді

Жуырда желіде «борышкер блогерлердің» тізімі мен олардың болжамды кірісі туралы ақпарат тарап кетті. Дегенмен Мемлекеттік кірістер комитеті  оның жүргізіліп жатқан салықтық тексерулерге қатысы жоқ екенін түсіндірді. Тек отандық блогерлер ғана емес, шетелдік контент жасаушылар да салық төлейтінін білесіз бе? Elordainfo.kz тілшісі бірқатар елдегі желі белсенділерінің қандай салық төлейтінін анықтап көрді.

Шетелдік блогерлерге салынатын салықтар олардың тұратын елі мен табыс көзі сияқты бірнеше факторларға байланысты.

Қытай

Қытайда жеке табыс салығы қытайлық және шетелден алынған кірістерге қолданылады. Елдегі жеке тұлғаларға арналған салық ставкалары жылдық табысқа байланысты 3%-дан 45%-ға дейін өзгереді. Егер блогер қандай да бір қызмет көрсетсе немесе тауарларды сатса, онда олар ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуге міндетті болуы мүмкін. Қытайдағы ҚҚС мөлшерлемесі тауарлар немесе қызметтер санатына байланысты 6% немесе 13%. YouTube, Instagram  және өзге де халықаралық платформалардан табыс табатын қытайлық блогерлер де салық төлеуге міндетті. Олар кірістерін декларациялауы керек.

Қытайлық блогерлер салық базасын төмендету үшін әртүрлі салық шегерімдері мен өз қызметін жүргізуге байланысты шығындарды көрсете алады. Бұл жабдық шығындары, маркетинг, студияны немесе кеңсені жалға алу, жарнама шығындары болуы мүмкін.

АҚШ

АҚШ-та контент жасаушылар блогерлік өздерінің хоббиі, негізгі немесе толық емес жұмыс күні болса да, алынған табысқа салық төлеуге міндетті.

АҚШ-тағы федералды салық ставкасы прогрессивті, яғни табыс неғұрлым жоғары болса, салық ставкасы соғұрлым жоғары болады. АҚШ Салық басқармасының (IRS) мәліметтері бойынша табыс салығының ставкалары 10%-дан 37%-ға дейін. Өз сайттары арқылы тауарларды сататын блогерлер штат пен сатылымға байланысты сату салығын (Sales Tax) төлеуге міндетті.

Ресей

Егер блогер Ресейдің салық резиденті болса, Ресейде және шетелде алынған кірістерге 13 пайыз жеке табыс салығын төлеуі керек. Егер блогер Ресейдің салық резиденті болмаса, онда оның Ресейден алған табысы үшін жеке табыс салығының ставкасы 30 пайызды құрайды. Егер блогер жеке кәсіпкер ретінде тіркелуді шешсе, ол жеңілдетілген салық жүйесі бойынша салық төлей алады. Онда ставкалар 6%-дан 15%-ға дейін өзгеруі мүмкін.

Түркия

Түркияда салық жүйесі әртүрлі. Блогерлер кірістеріне байланысты салық төлеудің әртүрлі тәсілдерін таңдай алады. Яғни жеке тұлға ретінде жұмыс істесе, онда ол жеке табыс салығын төлейді. Елде жеке табыс салығының ставкалары табыс мөлшеріне байланысты 15%-дан 40%-ға дейін өзгереді.

Түркиялық блогерлер салықтарын оңтайландыру және белгілі бір жеңілдіктер алу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Бұл жағдайда олар бірнеше салық жүйелерінің бірін таңдай алады.Олардың мөлшерлермесі 10-20 пайыз аралығында.

Әзербайжан

Егер блогер жеке тұлға ретінде жұмыс істесе (жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген), онда ол жеке табыс салығын төлейді. Әзірбайжандағы жеке табыс салығының мөлшерлемесі жалпы табыстың 14 пайызын құрайды. Блогер жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, бизнесті жүргізуге байланысты шығындарды шегергенде кірістің 20 пайызын құрайтын табыс салығын төлей алады. Егер блогердің кірісі белгіленген шектен аспаса, ол жеңілдетілген салық жүйесін таңдай алады. Ол 4 пайызды құрайды.

Егер жеке кәсіпкер ретінде тіркелген блогердің кірісі белгілі бір шектен асатын болса (мысалы, жылына 200 000 манат) қосылған құн салығын төлейді. Әзербайжанда ҚҚС 18 пайызды құрайды.

Қырғызстан

Бұл елде блогерлер жеке тұлғалар ретінде жеке табыс салығын төлеуге міндетті. Қырғызстанда жеке табыс салығы ставкасы табыстың 10 пайызын құрайды.  Блогер өзін жеке кәсіпкер ретінде тіркеуді шешсе, онда ол жеңілдетілген салық жүйелерінің бірін таңдай алады: табыстың 4% салық ставкасы бар оңайлатылған салық салу жүйесі немесе табыс белгілі бір сомадан аспаса, табыстың 1% төлейтін бірыңғай салықты төлейді.  Блогер Қырғызстан аумағында қызмет көрсетсе немесе жергілікті компаниялармен жұмыс істесе және оның табысы белгілі бір шектен асып кетсе (жылына 2 миллион сом), онда ол ҚҚС төлеуші ретінде тіркеліп, табысына 12% ставка бойынша салық төлеуге міндетті болуы мүмкін.

Байқағанымыздай, шетелдік блогерлер жеке тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде салық төлейді. Тек әр елдегі салық мөлшерлемесі әртүрлі.