«Өмірде үш досым сатып кетті»: Айгүл Иманбаева достық пен сатқындық туралы ойын айтты
Әнші, актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында достық пен сатқындыққа қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Әншіге «достық сіз үшін қаншалықты маңызды және достықтан сатқындық көрген кезіңіз болды ма?» деген сұрақ қойылды.
«Иә мен, достан сатқындықты көрдім. Маған бұны әлі күнге дейін айту ауыр. Өйткені мен әлі күнге дейін ол досымды жақсы көрем. Өмірде 3 досымнан сатқындық көрдім. Жеке өмірде, тыныс-тіршілікте, материалдық дүниеге қатысты сатқындық көрдім. Оның бәрін басымнан өткеріп, қайтадан бас көтеріп шығу маған оңайға соққан жоқ. Иә, мен сындым, құладым, жыладым, депрессияның түбіне түстім. Ең бастысы, егер сен ол досынды шынымен де жақсы көріп қимасаң, онда жалғыз жол - қабылдау керек екен. Болды. Сіз ол досыңызды сол күйінде қабылдайсыз. Бір сатқан дос екінші рет сатады деп айтады ғой. Мен ол досымнан сақ болып жүремін. Бірақ жүрегім қимайды. Бұл жақсы ма, жаман ба білмеймін. Қазақ шегені суырсан орны қалады дейді. Сондай ой менің жүрегімде бар. Бірақ мен әлі күнге дейін ол досымды жақсы көрем»,- деді ол.
Айгүл Иманбаева бүгінде достық туралы көзқарасы өзгеріп жатқанын айтты.
«Жалпы мен достық деген сезімді өте аялап, қызғыштай қорғаймын. Себебі менің өмірімде кездескен достарыма үлкен бір сезіммен қарайтын адаммын. Тіпті достарымда қандай да бір жағдай болғанда үйімді, машинамды сатып жіберіп, көмектесуге дейін барған кездерім болған. Бұл материалдық жағынан ғой. Енді руханият жағына келетін болсақ, қандай да бір басына іс түссе, қиыншылық болса, барынша жылы сөз айтып, қасынан табылып, көмектесіп, қанаттандыруға тырысып жүрем. Бірақ келесі мүшеліме 1-2 жыл уақыт қалды. Қазіргі таңда трансформацияда жүрмін. Досқа деген мүлде басқа көзқараспен қарауды бастадым. Оған белгілі ситуациялар себеп болды. Мен сондай кезеңде жүрмін. Осы жолы өз-өзіме «Айгүл ортаны өзгерту керек, достар бірге даму үстінде жүретін, кездескен кезде тек материалдық деңгейде, яғни кім қандай киім киді, кім қандай бренд тақты деп әңгіме айтатын дос емес, адамның жаны жайлы сұрайтын дос керек. «Осы досымнан не үйренем, ол досым маған не бере алады» деген құндылықтар қазіргі таңда менің өмірімде болып жатыр»,- деді ол.
Алайда әнші бұрынғы достарын жақсы көретінін айтты.
«Иә, мен бұрынғы достарымды жақсы көрем,құрметтеймін, өз деңгейінде сыйласамын. Дегенмен де егер сен алға ұмтылып, басқа да кеңістікке, деңгейге бет алам десеңіз, орта өте маңызды. Есік пен тұлпар қатар тұрса, есектің жаман қылығы тұлпарға жұғады. Ал тұлпардың жақсы қасиеті есіктің бойына дарымайды дейді. Бұл достыққа қатысты айтылған нәрсе. Осы достыққа келгенде тұлпардай шабатын, биікке ұмтылатын достар болса деймін. Сондықтан мен қазіргі таңда достарыма талдау жасап жатырмын. Жаңа достар менің әлеміме кіріп жатыр, кейбір ескі достарыммен қоштасып жатырмын. Осындай өзгерістер болып жатыр»,- деді ол.