«Мен – жалғызбасты анамын»: Әмренің ассистенті әншіден тиісті өтемақы ала алмай жүргенін айтты
Бұл туралы халыққа Amre атымен танылған Ернар Садырбаевтың арт-менеджері Гүлмира Мухамеди Threads-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Арт-менеджердің жазуынша, ол соңғы екі жыл бойы Ернар Садырбаевтың ассистенті болып жұмыс істеген. Бүгінде ол әншіден тиісті өтемақысын ала алмай жүр.
«Соңғы екі жыл бойы мен баршаға белгілі өнер иесі Әмре, нақтырақ айтқанда Ернар Садырбаевтың ассистенті болып жұмыс істедім. Егер ол адамның сараңдығы болмағанда, мен бұл жайлы көпшілікке жарияламас едім. Бұл жай эмоция емес, шын мәнінде болған жайттар. Мен оған жұмысқа келген кезде аяғым ауыр еді және бұл туралы бірден ескертіп айттым. Өзім де жұмыс істеуге дайын болдым, себебі жалғызбын, көмектесетін ешкім жоқ. Біз жұмыс шарттарын келістік. Алғашқы жылы бәрі жақсы болды. Бірақ кейбір жайттар болды. Мысалы, мен жұмыс телефонының тарифін өз ақшаммен төлеуім керек болды. Ол айына 5 мың теңге болғандықтан дауласқан жоқпын. Сосын бір іс-шарадан кейін маған ақша төлеген жоқ. «Ұмытып кеткен шығар» деп ойладым. Бірақ уақыт өтесе де сұраған жоқпын. Бірде гастроль кезінде концерт директорына билеттерге байланысты қатты ұрысып, айқай шығарды»,- деп жазды ол.

Сонымен қатар Гүлмира Мухамеди әншінің есепшілері жиі ауысқанын айтты.
«Екі жылдың ішінде бізде үш бухгалтер ауысты. Төленетін ақы көп емес еді. Соңғы жарты жылда мен әрі бухгалтер, әрі заңгердің жұмысын толық атқардым. Бізде кикілжің бұдан екі айдай бұрын басталған шығар. Мен одан аванс сұрадым. Себебі, балама арналған сүт қоспасы мен жөргектер таусылып, үйде азық-түлік қалмаған еді. Ол сол кезде маған «Өз ақшаңды қадағала, мен де онсыз да уайым көп» деп жауап берді. Мен - жалғызбасты анамын. Тек жалақы мен балаға берілетін жәрдемақыға ғана өмір сүргендіктен қатты ренжідім. Тағы да қарызға кіріп, оған орныма жаңа адам іздеуді сұрадым. Бір айдай уақыт өтті. Ақша түсті. Мен сол кезде жұмыс жалғасып, бәрі реттеліп келе жатқанына сендім. Бірақ жұмыс барасында репетиция немесе концертке асығу қажет кезде менің кез келген хабарламама «Маған бәрібір, мен – жұлдызамын, күте берсін» деп жауап беретін. Айта кетейін, бұл тіпті Мемлекет басшысы келетін, концерттерге де қатысты болды»,- деп жазды Гүлмира Мухамеди.

Ол әншіден тиісті өтемақыны төлеуді сұраған.
«Енді жаңа жұмыс іздеуім керек, сондықтан бұл ақшаны бастапқы кезеңге арналған өтемақы ретінде сұрап отырмын. Бұл жағдайды мұнда жазуға мәжбүр болып отырғаныма қатты өкінемін, бірақ менде басқа амал жоқ. Бұл жерде айтпаған жайттар көп. Мен – жалғызбасты анамын. Сондықтан да тек мен сұрап отырған өтемақыны толық төлеуді сұраймын. Басқа ештеңе керек емес. Осы екі жылда кейбір сәттерде маған қолдау көрсеткенің үшін шын жүректен алғыс айтамын. Бірақ соңғы әрекеттерің бәрін жоққа шығарды. Егер маған тиісті өтемақыны бермесең, саған ешқандай халықаралық байқау жоқ. Өзіңнің мәртебеңе сай, лайықты түрде әрекет ет».- деп жазды ол.

Бірақ уақыт өте Гүлмира Мухамеди Threads-тегі парақшасында жазған жазбаны өшіріп, әнші Әмремен бұл мәселені шешкенін жазды.
«Баршаңызға қолдауларыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Кеше түнде жылап отырып осыны жазған кезде осындай қолдау болады деп ойламадым. Мен бастапқыда бұл туралы көпшілікке жариялауды жоспарлаған жоқпын. Біз Әмремен сөйлестік. Уақыт өте келе жиналып қалған ұсақ-түйек реніштерімізді ашық айтып, бәрін талқыладық. Ал мен болсам, кез келген қыз сияқты іште сақтап жүрген өкпемді жаздым. Өмірде қарым-қатынас маңызды. Жақсы сәттер әлдеқайда көп болды және мен оған сол үшін алғысымды айттым. Бұл туралы бұған дейін де жаздым. Бәлкім, бәрін анықтап, ашық сөйлесу үшін осы жанжал орын алуы керек болған шығар»,- деп жазды ол.