«Әлі сақтап келем»: Қарақат Әбілдина Мақпал Жүнісовадан алған сыйлығы туралы айтты
Танымал әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында халық әртісі Мақпал Жүнісовадан алтын сағат алғаны туралы жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Домбырамды арқалап, үлкен сахнаға имене шыққан кезде Заманбек ағамыз бен Мақпал апамның ықыласын көрдім. Оқу аяқтап диплом алған жылы ғой , Қыдекең екеуіміздің кішкентай шаңырағымызға үлкен бастарын иіп Зәкең мен Мақпал апамыз, көзі тірі Мадина Ералиева апамыз құтты болсын айтып келген еді. Сол кезде Мақпал апам қолыма алтын сағатын салып, «менің жолымды берсін!» деп батасын бергені бар. Ең алғашқы алтын сағатымды Мақпал апамнан алған баға жетпес сыйлық ретінде әлі сақтап келем. Зәкең: «Қыдырәлі, өнер адамы деген бөлек әлем. Қолыңнан келсе, Қарақатты өзіңмен бірге үлкен сахнаға алып шық, өнер жолынан алыстатпа! Мен сияқты алақаныңа салып аяла! Бұл сондай құрметке лайық бала», - деп өнерімді оң бағалаған. Аллаға шүкір, аузы дуалы үлкен кісілердің батасын алғаннан жаман болған жоқпыз. Бұндай естеліктерді қалайша ұмытайын?!»,- деді әнші.
Қарақат Әбілдина Майра Илясованың 70 жас мерейтойына арналған үлкен концерт жоғары деңгейде өткенін жазды.
«Есте қалған ерекше сәті - Мақпал апамның сахнаға шыққан кезі. Халық дүр сілкінді. Толассыз соғылған шапалақ пен ыстық ықылас сахна сыртында тұрған бізге жетіп жатты, сезіліп тұрды. Халықтың жүрегінен орын алған Мақпал апамызға көрсетілген бұндай құрмет-қошемет басқа ешқандай әншілерге жасалмаған. Өнер адамы үшін, әртіс, әнші үшін бұдан асқан бақыт бар ма?! Бұл көңілі дархан, қазақ даласындай кең, қолы ашық, күлкісінің өзі бренд, үлкен адамгершілік иесі болғанынан деп білем»,- деді ол.
Сонымен қатар әнші Майра Илясованың мерейтойлық концерті аншалгпен өткенін атап өтті.
«Кешегі концертке Майра апамызды қолдап келгені, Халық әртістерінің бір-біріне құрмет көрсетуі қандай жарасымды көрініс! Үлкенге де, кішіге де сыйлы, жарқырап жүретін Майра апамыздың ниетіне қарай өте керемет кеш болды. Әйел адам үшін өнер жолы оңай емес екенін бір адамдай түсініп қалдым. Шынымен әйел заты бола тұра, 70 жасқа дейін киелі сахнаға адал болып аншлагпен көрермен жинау екінің біріне бұйыра бермейтін бақ.
Апаларымыздың соңынан ерген біз сүйсіндік. Біз сондай бола аламыз ба, жоқ па?! Үлкен құрметке лайықсыздар! Алладан амандықтарыңызды тіледім!»,- деп жазды Қарақат Әбілдина.