Ерке Есмахан АҚШ-тағы тыңдармандарынан кешірім сұрады
Танымал әнші Ерке Есмахан америкалық тыңдармандарынан кешірім сұрады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Өнер иесі визадан мәселе туындағанын айтты.
«Ақпанның басында визаға тапсыруға бардық. Кеше қолыма төлқұжатымды визасымен бірге алдым. Бірақ Америкада болуға берген уақыты екі-ақ күн. Күйеуімдікі де 12-сіне дейін. Біздің концерттің уақытымен де сәйкес келмейді. Егер біз уақытқа қарамай ұша берсек, заң бұзамыз. Виза уақытымен кіріп кетіп, біраз күн жүруге де болады. Бірақ жаңа президенттің бақылауындағы дүние болғандықтан, бас тартып отырмыз. Әрі басқа елдің заңын да сыйлап тұрмыз. Сонымен концертіміз өтпейтін болып жатыр. Көңіл-күй жоқ, үйде отырмын. Билет алған көрерменнен кешірім сұраймыз», – деп жазды әнші.
Сондай-ақ өнер иесі үшінші рет АҚШ-қа жол түспегенін айтты.
«Бұйырмаған Америка болды. Исламға аяғым ауыр кезде де визадан кедергілер болып еді. Райм өзі барып келген. Осымен үшінші рет жол түспеді. Америкаға ұшу – 20 сағат. Сабырға келіп, қайырлысы деп отырмын», – деді Ерке Есмахан.
Бұған дейін әнші алимент алуға қатысты өз ойын айтқан болатын.