Шоу-бизнес

«Құдай баламен сынама» Жұлдызай Дүйсенбиеваның әкесі ауыр күндерін еске алды

Журналист Аман Тасығанның «Алғашқы» атты  бағдарламасында актриса Жұлдызай Дүйсенбиеваның ата-анасы оның балалық шағы туралы ел біле бермейтін жайттарды айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның әкесі Алтынбек Дүйсенбиев әзіл әлемінің жұлдызы бала кезінде қатты аурушаң болғанын, тіпті қызы шетінеп кете ме деп қорыққанын айтып, жан сырымен бөлісті.

«Бірінші ауырғанда құлап қалды. Көршілерім орыс еді. Солар бетіне қара мата жауып, содан кейін өз-өзіне келе бастады. Оның алдындағы екі балам шетінеп кеткеннен кейін бұл қыздан да қорықтым. Үшіншісі де кетіп қала ма деп жаман ойға кеттім», - деп қызының сәби күндерін еске алды әке. Ол Жұлдызай ауырған кезде бір бөлмеге кіріп алып, «Құдай баладан сынады ма» деп жылаған кездері болғанын да жасырмай айтты. 

Жұлдызайдан соң отбасында 3 қыз туылған. Әкесінің бір ұлды армандайтынын бала жүрегі сезген ол өзін ер балаларша ұстауға тырысып, ер балаларға тән ойын ойнап, спортпен шұғылданған. Үйдегі ер адамның істейтін жұмыстарын да икемді болыпты.

«6 жасынан бастап каратэге бердім. Өзім апарам, әкелем. Сонда көшеде келе жатқанда балдарға тиісетін. «Қой қызым» десем, «ол маған неге қарайды?» дейді. Бұзықшылығы болды енді сондай. Бірде мектепте балалар тиіскен, сонда каратэде қай нүктеден соғу керек екенін үйретеді екен ғой, сол әдіспен біреуін қолымен түртіп қалып, талдырып қойған ғой. Сосын «Қой, айналайын, бір күні біреуді өлтіріп қоярсың» деп каратэні қойдырдым», - деді актрисаның әкесі Алтынбек Дүйсенбиев.

Дегенмен ол қызына қаталдау болғаны сонша – көп сырласпағанын айтты. Әйтсе де оның қызының ел таныған өнер иесі болғанын мақтан тұтатыны анық.

«Бұл қыздың бұлай көтеріліп, мұндай болатынына мен сенген жоқ тұғынмын», - деді Жұлдызай Дүйсенбиеваның әкесі перзентіне деген ризашылықпен.