Шоу-бизнес

Биыл қандай жұлдыздардың балалары мектеп бітірді

Елімізде биыл 217 мың түлек мектеп бітірді. Олардың қатарында елге танымал тұлғалардың, шоу-бизнес жұлдыздарының балалары да бар. Олардың әр қайсысы желіде балаларының мектеп бітіру сәтімен бөлісті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Солардың бірі - Мейрамбек Бесбаевтың тұңғыш қызы Кәусар. Әнші әлеуметтік желіде қызының мектеп бітіру сәтін бөлісіп, оған арнап әсерлі жазба қалдырды.

«Бүгін мені әке атандырған тұңғышым, нәзік гүлім Кәусарым мектеп бітірді. Қызыма ғана емес, мен үшін де толқынысқа толы күн болды. Балапандарымызды 11 жыл білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, қанаттарын қатайтып, кішкентай жүректеріне үлкен арман ұялатқан Кәусарым оқыған Ш.К.Беркінбаева атындағы Алматы қыздар мектеп-лицей-интернатының басшылығына, барша ұстаздарына рақметімді айтамын. Түлектердің жолдары ашық, болашақтары жарқын болып, ізгі армандары орындалсын!»,- деп жазды Мейрамбек Бесбаев. 

фото: instagram.com/m_besbaev

Әнші Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиеваның ұлдары Бек-Олжас та мектеп бітірді. Ол «Алтын белгі» иесі атанған. Бұл туралы  әнші Тоқтар Серіков әлеуметтік желіде жазды. 

«Ал құлыным құтты болсын. Сенің кеше ғана мектеп табалдырығын аттап, оқушы атанғаныңды көріп, кеудемді мақтаныш кернеген сәт есімде. Шүкір Аллаға, бүгін мектеп босағасынан жігіт болып жаңа өмірге қадам басқалы жатырсың. Бұл білім ордасын яғни мектебіңді есейдім екен деп, есіңнен шығарма, балам. Дәл осындай мектепке мен де қарызбын. Босағасын аттаған бар адамзат қарыз, балам. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шықтың, балам. Біріші Аллаға, екінші оқытқан барша ұстаздарыңа ризамын және алғыс айтамын. Балам, алдымен аман бол содан соң адам бол. Білімді болсаң, биіктер өзі шақырады. Мен саған сенемін, құлыным! Ата-анамды риза етемін деме, елімді риза етемін де, ішінде біз бармыз, балам. Әрі қарай да жоғарғы оқуыңды жақсы оқитыныңа бек сенімдімін, Бек-Олжас», - деп жазды әнші. 

фото: видеодан алынған кадр/ instagram.com/toktar_beibit

Танымал жұлдызды жұп Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімованың тұңғышы Сезім де жас түлек атанды. Жұлдыз Әбдікәрімова қызына арнап, жазба жариялады. 

«Сен үшін де, мен үшін де маңызы зор ерекше күн. Жыл бойы екеуміз түрлі сынақтардан, эмоциялардан, қызық сәттерден өттік. Енді, міне, жемісін теретін кезеңге жеттің. Шүкір! Қадамың оң болғай! 11-сынып атанғаннан бастап менің толқуым бір сәтте сейілген емес. Иә, мойындаймын… ана болған соң уайым да болды, дегенмен, қызым, саған деген сенім одан да жоғары болғанын да жасырмаймын. Өзіңмен бірге есейіп өстім, дамыдым!», – деп жазды актриса. 

фото: instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial

Әнші Айгерім Қалаубаеваның ұлы Айсұлтан да мектеп бітірді. Ол мектепте өткен соңғы қоңырау салтанатында ұлымен бірге вальс биледі. 

«Айсұлтан,ұлым!
Мың құбылған заман бар,
Ниеттері жақсы - жаман адам бар.
Өкінбейтін, өнегелі өмір сүр!
Сағыңды еш сындырмасын жамандар.
Өзің сен бір Аллаға!
Жолың әрдайым жеңіл болсын,Жарығым»,- деп жазды Әйгерім Қалаубаева.

фото:instagram.com/aikerim_kalaubaeva_official