«Бұл – алаяқтық»: Нұрлан имам онлайн дем салатындарды сынады
«Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы BIZDIÑ ORTA подкастында қашықтан дем салу туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Дем салу деген бар. Қазір оның заманауи түрін көрдім, яғни TikTok арқылы салады екен. Қалай салады десем, экранды жақын ұстайды, сосын экраннан үрлеген кезде әлгі адамның бүйрегіне тиеді дейді. Не деген КТ-аппарат екенін қайдан білейін. Халқымызға алданбау керек. Экранның ар жағындағы демнен кейін кейбірі «өзімді жеңіл сезініп қалдым» деп жатады. Бұл – алаяқтық»,- дейді ол.
Нұрлан Байжігітұлы діни контентті ойланып тұтынудың маңыздылығына назар аударды.
«Дұға қылу деген бар. «Маған дұға қылып қойыңыз» деп жатады. Ол — жақсы нәрсе. Бірде дүкенге кірсем, ішінде ешкім жоқ. Құранды қосып қойыпты. Екі дүкенші қыздан неге құран қосқанын сұрасам, «Тазартып жатырмыз» дейді. Мен «YouTube арқылы тазаланбайды» дедім. YouTube-тен тамақ жегенді көрсең, қарның тоймайды ғой, дәл сол сияқты бұл да тазаланбайды. Мұндай нәрсеге иланбауымыз керек», - дейді ол.
Психолог Лимана Құттықбекқызы бүгінде дем салу бизнес түріне айналып кеткенін айтты.
«Бір дем салу – 100 мың теңге, үш күн дем салу – 300 мың теңге. Мұны кәдімгі бизнеске айналдырып алған. Бір сәтте жолыңды ашамын, ауруыңды жазамын, мәселеңді шешіп беремін деп, тіпті «гарантия» дейтіндер қаптап кетті. Халық соған барып, шешімді тез тапқысы келеді», – дейді клиникалық психолог.
Сара Қамзаева