Айқын Төлепберген мен Жұлдыз Өмірғали үйлену тойын жасады
Отандық шоу-бизнестегі жарасымды жұлдызды жұптардың бірі Айқын Төлепберген мен Жұлдыз Өмірғали «Астарлы ақиқат» бағдарламасының студиясында үйлену тойын жасады. Ерлі-зайыпты бұл сәтті тоғыз жыл күткенін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Айқын Төлепберген мен Жұлдыз Өмірғали бағдарламаға қонақ болып келіп, көпшілік алдында тойын жасады. Әншінің келіншегі айтулы күнге орай арнайы қалыңдық образында киініп келген.
Жұлдызды жұп үйлену тойын осыдан тоғыз жыл бұрын жасағысы келгенін айтты. Алайда белгілі себептерге байланысты бұл ойы іске аспай қалған. Сол себепті ерлі-зайыпты өтпей қалған тойдың орнын толтырып, оны студияда тойлауды шешкен.
«Негізі бұл тойды 9 жыл бұрын жасайын деп ойлап едік. Бірақ Жұлдыздың ұзатуынан кейін хейт басталып кетті. Сол кезде Жұлдызға «Кішкене күте тұрайық, халық үйренсін бұл жаңалыққа, ашуы басылсын» деген едім. Сосын енді той жасайын деп жатқанда кино түсіріп кеттік. Оны аяқтап, енді той істейін дегенде, коронавирус басталып кетті. Әне-міне деп жүріп үй салдық, сөйтіп жүргенде 9 жыл өтіп кетіпті ғой. Енді, міне, той жасайық деп шештік. Жұлдызға о баста айтқанмын, «Той жасаймыз, сен ақ көйлек киесің» деп. Кез келген қыз баланың арманы – ақ көйлек киіп, күйеуге тию», – деді Айқын Төлепберген.