Сенат

Сенатта аквашаруашылық туралы заң қаралды

Сенаттың жалпы отырысында аквашаруашылық туралы заң қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл құжат жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және жаңаларын құру арқылы аквашаруашылықты тұрақты дамытуға арналған. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті аквашаруашылық нысандарының көлемін ұлғайту, олардың адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпсіздігін арттыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар аталған заңға ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды.

Аталған екі заң бойынша Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Сұлтан Дүйсенбинов баяндама жасады.  

«Бұдан басқа, заңда аквашаруашылық саласында қызметті жүзеге асырудың негізгі шарттары регламенттеледі. Мәселен, аквашаруашылық субъектілері қызметінің түрлері, балық шаруашылығы су айдынын немесе учаскесін конкурстық және конкурстан тыс негізде бекіту тәртібі, тоғанды, индустриялық және өсімін молайту шаруашылығы қызметін жүзеге асыруға қойылатын талаптар нақтыланды. Сондай-ақ аквашаруашылық субъектілері үшін аквашаруашылық саласындағы биологиялық негіздемені әзірлеу және оларды дамыту жоспарын бекіту бойынша міндеттемелер енгізілді.

Сондай-ақ аквашаруашылықты мемлекеттік ынталандыру жөніндегі нормалар көзделген. Мәселен, аквашаруашылықты субсидиялау аквашаруашылық өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру және асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту, инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу, су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау, кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау сияқты бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады», - деді ол.

Ал ілеспе заң қолданыстағы заңнама нормаларын «Аквашаруашылық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес келтіру мақсатында әзірленді.

«Заңмен Жер, Орман, Кәсіпкерлік және Экология кодекстеріне,  сондай-ақ сондай-ақ Қазақстан Республикасының 13 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Балық пен балық өнімдерінің көлеңкелі айналымын болдырмау мақсатында балық шаруашылығы субъектілерін балық және басқа да су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесінде тіркеуді көздейтін түзетулер енгізілді. Сонымен қатар, балық және басқа да су жануарларының жаппай қырылу қаупін болғызбау, олардың өсімін молайту үшін су айдыны және учаскесін конкурссыз алу құқығы беріледі. Сондай-ақ, заңда Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі нормалар көзделген.

Заңда агроөнеркәсіптік кешен мен электр энергетикасын дамытуға бағытталған нормалар көзделеді. Мәселен, «Астық туралы» Заңға жем қорын қамтамасыз етуге және басқаруға, сондай-ақ астық нарығы жөніндегі операторға жем қорының астығын сақтау жөніндегі шығыстарды өтеуге бағытталған түзетулер енгізілді. Инвестициялық келісім жасасқан экспортқа бағдарланған ірі өндірушілерді қолдау мақсатында «Электр энергетикасы туралы» Заңға электр энергиясына инвестициялық тариф енгізуге бағытталған түзетулер енгізілді», - деді спикер.

Спикердің баяндауынша, Жалпы заңдардың қабылдануы саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, балық өнімдерін өндіру мен экспортты ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және балықты тұтыну көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Ал «Аквашаруашылық туралы» мен оған ілеспе заңды талқылау бойынша жұмыс тобының 7 отырысы өткен. Комитеттің отырысы мен кеңейтілген отырыстарында осы заңдар қаралды.

«Аквашаруашылық туралы» Заңды талқылау барысында бас комитеттің, Қаржы және бюджет комитетінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс қабылдаған заңға:

- бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде тек Қазақстан Республикасының заңдарымен ғана тыйым салулар белгілеу;

- аквашаруашылық субъектілері жосықсыз аквашаруашылық субъектілерінің тізіліміне енгізілетін негіздерді нақтылау;

- табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін ақы төлеуге байланысты нормаларды Салық кодексіне сәйкес келтіру бөлігінде өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады.

Сәйкесінше аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті:

- Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес «Аквашаруашылық туралы» Қазақстан Республикасының Заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және көрсетілген баптардың жаңа редакциясын ұсына отырып, оны Мәжіліске қайтаруды ұсынды.

- Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Регламентінің 58-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңың бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынды.