Сенаторлар азаматтық авиацияны дамыту жолдарын талқылады
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде азаматтық авиацияны дамыту» тақырыбы бойынша кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара экономиканың маңызды саласындағы ахуал мен даму келешегі туралы негізгі мәселелерді талқылауға арналды.
Комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев өз сөзінде стратегиялық сала ретіндегі авиацияның маңызы зор екенін атап өтті. Ол азаматтық авиацияның тиімді жұмысы экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, ұлттық қауіпсіздік деңгейі мен халықтың өмір сүру сапасына да байланысты екеніне тоқталды.
«Азаматтық авиация өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымның маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Оның орнықты және тиімді жұмыс істеуі – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, орнықты экономикалық өсудің және халықтың өмір сүру деңгейін арттырудың қажетті шарты», - деп атап өтті Алдашев.
Қатысушылар шара барысында авиакеросин өндіру мен импорттау, ұшақтар паркін жаңарту, әуежайлардың жұмысы мен авиакомпаниялардың қызметі және басқа да көптеген мәселелерді талқылады. Инфрақұрылымды жаңғырту және саланы қолдауға бағытталған заңнаманы жетілдіру қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Кездесуге көлік, энергетика, ұлттық экономика, өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Астана және Алматы әуежайларының басшылары, авиакомпаниялардың өкілдері және басқа да мүдделі тараптар шақырылды. Сенаторлар авиация саласын дамытуға және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жаңа заңнамалық бастамаларды әзірлеу барысында айтылған ұсыныстар мен проблемаларды ескеретін болады.