Сенат

Мәулен Әшімбаев Жапонияның Қазақстандағы елшісімен кездесті

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Джун Ямадамен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Кездесу елшінің Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты ұйымдастырылды.

Палата спикері дипломатқа екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға және Астана мен Токио арасындағы саяси-экономикалық байланысты арттыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сұхбат кезінде экология, энергетика, ауыл шаруашылығы, ғылым, жоғары білім және әділет саласындағы өзара тығыз қарым-қатынас орнағаны сөз болды.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Жапония Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі маңызды серіктесі екенін атап өтті. Осыған байланысты ол екі елдің парламентаралық қатынастарын одан әрі жандандыру қажеттігіне назар аударды.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беріп келеді. Бүгінде «Орталық Азия+Жапония» форматы нәтижелі жұмыс істеп келе жатыр. Осы орайда біз Жапонияның Орталық Азия елдерімен Достық парламенттік лигасының құрылуын қолдаймыз. Елдеріміз арасындағы транзиттік-көліктік, энергетикалық, су және басқа да салалардағы ынтымақтастықты ілгерілету ұзақ мерзімді өзара тиімді серіктестікке ықпал етеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде елші Қазақстан тарапына белсенді өзара іс-қимыл үшін алғысын білдіріп, елімізде жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерді жоғары бағалады. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді.