Сенат

Енді сотталғандарға құмар ойын ойнауға тыйым салынады

Бұл туралы Сенат отырысында айтылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сенат отырысында депутат Қайрат Тастекеев туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевқа қарастырылып отырған заңдарға қатысты сауал қойды.

«Қарастырылып отырған заңдарда ойын мекемелеріне, букмекерлік кеңселердің кассаларына немесе тотализаторға барудың тәртібі мен ерекшеліктеріне толықтыру енгізу ұсынылған. Мәселен, осы құмар ойындары немесе бәс тігуге бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға немесе шартты түрде сотталған адамдардың қатысуына тыйым салу көзделген.  

Біріншіден, шартты мерзімге сотталған адамның құмар ойындарға немесе бәс тігумен қандай байланысы бар?

Екіншіден, шартты түрде сотталған немесе бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға тағайындалғандардың құмар ойындарға қатысуы бойынша қандай да бір статистика бар ма? Үшіншіден, аталған адамдардың құмар ойындарына қатысуы қандай салдарға әкеліп соғады және бұл үшін қандай жауапкершілік көзделген?» - деп сауал қойды депутат.

Бұған туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев былай деп жауап берді.

«Осы заңмен қазіргі айтылған санаттағыларға шектеулер қойылып жатыр. Жарты жыл бұрын дәл осылай мемлекеттік қызметкерлерге, сонымен қатар әскери қызметкерлер мен Қарулы күштер қызметкерлеріне тыйым салынған болатын. Әрі қарай да санаттар бойынша тыйым салу жұмысы жалғасып жатыр. Ал сотталған немесе бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға тағайындалғандарға тыйым салудың басты себебі – олардың қайтадан қылмыстық істерді жасауының алдын алу. Өйткені бәріне белгілі, бір сотталған адам заң бұзушылыққа бейім тұрады. Статистикаға тоқталсақ, заң талқылау барысында Ішкі істер министрлігімен бірлесіп қазіргі уақытта бұл санаттағыларға жататын 22 мың азамат бар екенін анықтаған болатынбыз. Ал осы санаттағы адамдарға құмар ойын ойнауға рұқсат берген кәсіп иесіне айыппұл салынатын болады. Ал келушінің кім екенін EDR тізімі арқылы анықтауға болады. Мәселен, ойыншы әр бәс тіккен сайын ЖСН нөмірін енгізетін болады, ал онда оның шартты түрде сотталған немесе бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға тағайындалған адам екені көрініп тұрады», - деп жауап берді вице-министр.