Депутаттық сауал: Сенатор мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін көтерді
Сенатор Бибігүл Жексенбай Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін көтерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Депутаттың айтуынша, соңғы 10 жылда мұндай балалардың саны 40%-ға өскен.
«Сайлаушылармен кездесуде де, өтініш хаттар бойынша да жиі көтерілетін мәселердің бірі - мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы. Бүгін осы мәселе бойынша Үкімет басшысына нақты ұсыныстармен депутаттық сауал жолдадым.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі балаларды жүйелі қолдау прогрессивті және әлеуметтік мемлекеттерге тән және осы бағыттағы жұмысты үнемі жетілдіріп отыру керек деген болатын.
Соңғы 10 жылда Қазақстанда мұндай балалар санының 149 мыңнан 235 мыңға дейін, яғни 40%-ға өскені байқалады. Мемлекеттің жәрдемақы көлемі де геометриялық прогрессиямен өсіп жатыр.
20 жылдан астам уақыт ішінде 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін жәрдемақылар 50 есеге, яғни 59 млрд теңгеден рекордтық 3,2 трлн теңгеге дейін өсіп, мемлекеттік бюджетке жүктемені жыл сайын арттырып отыр», - деді ол.
Бибігүл Жексенбайдың пікірінше, жоғарыда келтірілген статистика мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралар тиімділігінің әлі де төмендігін көрсетеді.
Осыған орай, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жүргізілген талдауда бірқатар проблема анықталғанын айтып, оларды жіпке тізіп шықты:
1. Ақпараттың жетімсіздігі, тіпті кейбір бағыттар бойынша ресми мәліметтердің мүлде жоқтығы, ведомствоаралық және Ұлттық статистика бюросы деректерінің бірыңғай болмауы, тіпті статистикалық көрсеткіштер алшақтығы. Бұл осы бағыттағы жүйелі жұмысты дұрыс жоспарлауға кедергі келтіреді.
2. Менталды ауру, аутизмнің диагностикасы кеш жасалуы. Дамыған елдерде диагноз бір жасқа дейін қойылса, бізде 4, кейде одан да жоғары жасқа дейін созылып, емдеу тиімділігін төмендетеді.
3. Инклюзивті білім беру мамандарының (логопед, сурдо, олиго, тифлопедагогтер) жетіспеушілігі. Баласына шипа іздеген ата-аналар бүкіл республикадан Астана мен Алматыға ағылады.
4. Арнайы оңалту мекемелерінің тапшылығы. Балабақша, оңалту орталықтары, инклюзивті сыныптардың, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК), психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінің (ППТК) тапшылығынан қызметтерді алу кезектері бірнеше айға созылуы мүмкін. Жалпы республика бойынша мүгедектігі бар балалардың шамамен 15%-ы мектепке дейінгі және мектептегі білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтермен мүлде қамтамасыз етілмеген.
5. Кадрлардың біліктілігінің төмендігі. Оқыту және оңалту әдістері ескірген. Халықаралық стандарттардан артта қалып отыр.
6. Ерекше қажеттілікті талап ететін балалар әртүрлі мамандардың қатысуымен кешенді емдеуді керек етеді. Алайда ондай кешенді емдеу көп жағдайда ақылы, жекеменшік орталықтарда ұсынылып, олардың қызмет сапасы мен бағасына мемлекеттік қадағалау жоқтың қасы.
7. Еңбек қатынастарында ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарына жеңілдік қарастырылмағандықтан, балаларды қараусыз қалдыруға не жұмыстан кетуге мәжбүр. Жәрдемақы 18 жастан кейін тоқтатылады, ал ерте зейнетке шығу тетіктері қарастырылмаған.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде мынадай ұсыныстар жасалады:
1. Мүгедектігі бар адамдар бойынша ведомствоаралық байланысты жүйелеп, цифрландырылған, автоматтандырылған арнайы ашық жүйе жасауды қарастыру.
2. Ерте диагностика мен жеке даму жоспарларын енгізу, сертификаттандырылған оңалту орталықтар желісін жасау.
3. Жоғары оқу орындарында мамандар даярлауға мемлекеттік тапсырысты ұлғайту. Халықаралық стандарттарға сәйкес, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін ұдайы арттыруды қарастыру.
4. 18 жасқа толғаннан кейін екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар жандардың кәсіп меңгеріп, қолжетімді, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуді қарастыру,
5. Мүгедек балаларға күтім жасауды еңбек өтілі ретінде санау және олардың мерзімінен бұрын зейнетке шығуын қарастыру.
6. Жұмыстың ерекшелігіне орай, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған қызметкерлерге қашықтан жұмыс істеу форматына көшудің басым құқығын және олармен еңбек шартын бұзуға жол берілмейтін жұмыскерлер санатына қосуды қарастыру (ҚР ЕК-нің 54-бабы).
7. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсететін жеке ұйымдарды лицензиялау. Сапаны бақылау, сертификаттау, мұғалімдер мен ата-аналарға ұсыныстар әзірлеу секілді қызметтерді жүзеге асыратын инклюзия мәселелері жөніндегі арнайы ұйым құруды қарастыру.