Сенат

Қазақстан жалға беруші емес, ғарыш өнімін жасайтын елге айналуы керек – Андрей Лукин

Бұл туралы депутат Сенаттың жалпы отырысында Андрей Лукин Қазақстан Премьер-министрінің атына жолдаған үндеуінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

2 маусымда Байқоңыр кешені құрылғанына тура 70 жыл толмақ. Бұл – адамзаттың ғарышты игеруіндегі тарихи бастау нүктесі. Сонымен қатар, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы 20 жылдығын атап өтпек. Осыған орай сала сарапшысы алаңдаушылық білдірді.

«Қазақстан қазіргі кезде ғарыш державасы саналса да, негізінен жалға беруші ел ретінде қалып отыр. Енді біз осы мәртебеден бас тартып, ғарыш өнімін өндіретін, экспорттайтын елге айналуымыз керек», – дейді Лукин.

13 мамырда депутаттар тобы елордалық ғарыш орталығына барып, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің жұмысымен танысқан. Лукиннің айтуынша, дәл осы кешен бірлі-жарым зымыран немесе спутник жасауға технологиялық тұрғыдан дайын.

Маман бірнеше бағытты ерекше атап өтті:

-Ұлттық спутниктік бағдарламаны жалғастыру;
-Шағын зымыран-тасығыш жасау;
-Университеттер мен стартаптарды тарта отырып шағын спутниктер құрастыру;
-Қазақстанды ғарыштық қызметтерді (өндіру, ұшыру, сүйемелдеу) экспорттайтын мемлекет ретінде таныту.

Андрей Лукиннің айтуынша, Қазақстанда жоғары білікті ғарыш мамандары жетіспейді. Техникалық жоғары оқу орындарының көпшілігінде бұл салаға арналған мамандандырылған кафедралар жоқ немесе материалдық-техникалық базасы әлсіз.

«Бізге инженерлік-ғарыш факультеттерін ашу, ғылыми-зерттеу базаларын дамыту және студенттерге тағылымдамалар ұйымдастыру қажет. Ғарыш саласындағы технология – бұл елдің инновациялық болашағы», – дейді Лукин.