Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған шарт ратификацияланды – Дархан Қыдырәлі
Сенатта «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мақұлданды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Шартқа екі елдің Мемлекет басшылары Қырғыз Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасына жасаған ресми сапары аясында, 2024 жылғы 19 сәуірде Астанада қол қойған.
«Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасымен екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Өздеріңізге мәлім, Қырғыз Республикасы – татулығы жарасқан көрші мемлекет, стратегиялық маңызды одақтас әрі тарихи тамыры ортақ бауырлас ел. Ежелден еншілес екі елді біртұтас рухани құндылықтармен қатар көптеген маңызды салалардағы бекем байланыстар біріктіреді. Сондықтан 22 баптан тұратын, көршілес елдер арасындағы барлық бағыттағы одақтастықты жан-жақты тереңдетуді көздейтін Шарт саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, әскери-техникалық, қауіпсіздік, өңіраралық ықпалдастық, ауыл шаруашылығы, азық-түлік, су ресурстары, энергетика, экология, білім беру, мәдени-рухани салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған», - деді сенатор Дархан Қыдырәлі.
Шартта Жоғары Мемлекетаралық Кеңес аясында және Қазақстан Республикасының Парламенті мен Қырғыз Республикасы Жогарку Кенеші арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламентаралық Кеңес шеңберінде байланыстарды нығайту қарастырылған.
«Шартты ратификациялау өңірдегі саяси диалогты, экономикалық-әлеуметтік, гуманитарлық байланыстарды және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылды дамыту арқылы көршілес екі елдің ырысты ынтымағына берік негіз болады деген ойдамыз. Осыған байланысты, Шарт елдеріміздің мүдделеріне сай келеді деп пайымдаймыз. Қырғыз тарапы ратификация рәсімдерін аяқтағаны туралы 2024 жылы 17 желтоқсанда ноталық тәртіппен хабарлады», - деді ол.