Саясат

Жолдауда барлық қазақстандықтардың мүддесі ескерілді - Мейір Байнеш

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы барлық қазақстандықтардың мүддесі мен талап-тілегін ескере отырып туған маңызды құжат деп санаймын. «Астана Опера» театры опера труппасының директоры Мейір Байнеш Жолдауға қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысының көптеген шешімдері мен тапсырмалары көпшіліктің жүрегінен орын алатыны сөзсіз. Жолдаудағы 9 негізгі тармақтың барлығы да халықтың әл-ауқатын көтеруге, өмір сүру сапасын жақсартуға, еліміздің экономикасын арттыруға, Қазақстанды дамыған озық елдердің қатарына қосуға бағытталған. 

Бұл жолғы Жолдау да уақыттың талабына толықтай сай келеді. Оны әлеуметтік, экономикалық, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салаларда болатын реформалар мен өзгерістерге қарап бағамдай аламыз. Сонымен қатар, азаматтарымыз көптен бері көкейде жүрген сұрақ – АЭС салу мәселесіне қатысты жауап алды. Президент өзінің бұл мәселеге бей-жай қарамайтынын, халықтың пікірі бәрінен жоғары екенін  көрсетіп, биылғы жылдың 6 қазанында жалпыұлттық референдум өтетінін хабарлады.«Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз», - деді Мемлекет басшысы. Әлбетте, біз де өз кезегімізде осынау саяси науқанда барынша азаматтық белсенділік танытатын боламыз. Себебі бұл біздің еліміздің болашағы үшін қажет маңызды іс, - деді «Астана Опера» театры опера труппасының директоры Мейір Байнеш.

Ол, сондай-ақ, қазақстандықтарды Жолдауда айтылған мақсат-міндеттерді бірге орындауға, елдің игілігі жолында береке-бірлігімізді көрсетуге шақырды.