ЖИ дамуы барысында рухани құндылықтар ескерілмесе, технология қоғамды адамсыздандыруға алып барады - сенатор
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай әлеуметтік желідегі парақшасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII-ші Съезі қарсаңында талқыланған өзекті тақырыптар туралы пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбымен Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII cъезінде әлем деңгейіндегі ауқымды мәселелер талқыланды. Онда Мемлекет басшысы XXI ғасырда адамзаттың бірігуіндегі діндердің рөлі, жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтардың мәні, діни институттардың тұрақты даму мен экстремизмге қарсы тұрудағы бейбітшілік әлеуеті туралы кеңінен айтты. «Дүние жүзінің әртүрлі аймағында жүріп жатқан гибридті соғыстардың майдан шебі айқын емес. Алайда қисапсыз адам шығынына ұшыратып, толассыз босқындар нөпіріне түрткі болуда. Экономикаға орасан зор залал тигізіп отыр. Ядролық қақтығыс қаупі қатты алаңдатады. Сарапшылар зұлымдық пен мейірімділік тартысқа түсетін мұндай шешуші сәттің болу ықтималдығы соңғы он жылда күрт артқанын жиі айта бастады», - деді Президент. Оның айтуынша, өкінішке қарай, әлемде конструктивті ұсыныстарды ортаға салып, саяси ұстамдылық танытудан гөрі өшпенділік өршіп, геосаяси жіктің арасы алшақтап, әлеуметтік шиеленіс одан сайын ушығып барады. Менің ойымша, мұндай қилы кезеңде диалогқа шақыратын, бірін-бірі жатсынуды доғаруға үндейтін, халықаралық аренадағы өзара сенімді арттыратын басты амал ретінде конструктивті дипломатия алдыңғы орынға шығуы керек», - деген пікірін білдірді депутат.
Сондай-ақ съезде талқыланған, бүгін мен болашақтың арасында тұрған адамзатты ойландырып-толғандыратын құбылыстардың бірі – жасанды интеллект. Бибігүл Жексенбай өз пікірінде бұл тұрғыда діннің қандай роль атқаратынын талдап айтып берді.
«Жасанды интеллект – ақыл-ойдың туындысы болғанымен, адамға тән ар-ождан, сенім мен иманнан ада. Ол алгоритмдер мен деректердің жиынтығы ғана. Сондықтан ЖИ-дің дамуы маңызды сұрақ тудырады: алгоритмдерге қандай құндылықтар енгізілуі тиіс? Қай кезде ол адамға көмекші құрал болып қала береді, ал қай кезде адамды алмастыру қаупіне әкеледі?
Бұл тұрғыда діннің рөлі айрықша. Дәстүрлі діндер ғасырлар бойы адамзаттың моральдық компасы болып, жақсылық пен жамандықтың, әділет пен әділетсіздіктің арасын айқындап келді. Діннің басты қағидасы – адамның қадір-қасиеті мен өмірін қорғау. Сондықтан ЖИ дамуы барысында да осы рухани құндылықтар ескерілмесе, технология қоғамды адамсыздандыруға алып баруы мүмкін», - деді сенатор.
Оның пайымдауынша, ЖИ тудыратын негізгі қатерлердің бірі – адамның мәнін жоғалту қаупі. Егер барлық шешімдерді машина қабылдайтын болса, адам еркіндігі мен жауапкершілігі әлсірейді. Тағы бір қауіп – сананы манипуляциялау. Бүгінде әлеуметтік желілердегі алгоритмдер адамдардың көзқарасына әсер етіп, олардың таңдауын жасырын түрде бағыттайды. Бұл рухани тұрғыдан өте қауіпті құбылыс. Сондай-ақ технологияға қол жеткізе алатындар мен оған тәуелді болып қалатындар арасында жаңа «цифрлық теңсіздік» қалыптасуы ықтимал.
«Міне, осындай жағдайда діндер мен рухани көшбасшылардың міндеті – адамзатқа ЖИ-дің шектеулерін түсіндіру, оны адамға қызмет ететін құрал ретінде ұстау. Діндер диалог алаңы ретінде ЖИ-ді этикалық тұрғыдан реттеуге ықпал ете алады. Олар ғылым мен технологияға қарсы емес, қайта керісінше, оның адамзат игілігіне қызмет етуін қамтамасыз ететін рухани бағдар ұсынады.
Егер ЖИ рухани бағдарсыз дамыса, ол адамзатқа қауіп төндіреді. Ал егер ол адамзаттың ғасырлар бойы жинаған рухани мұрасымен үйлесімде дамыса, онда ол өркениетке игілік әкелетін мықты құралға айналады», - деді ол.