Жастар бейбіт заманның қадірін түсінуге тиіс – Тоқаев
Бұл туралы Президент – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу рәсімінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
– Жастар бейбіт заманның қадірін түсінуге тиіс. Жыл өткен сайын жаһандық шиеленістер өршіп, мемлекеттер арасында қақтығыстар жиілегенін көріп отырсыздар. Қазіргі аса күрделі уақытта елдеріміз арасындағы түсіністік, өзара сенім мен келісім өте маңызды рөл атқарады. Бүгінгі жарыстар біздің шетелдермен көпжақты байланыстарымызды кеңейтуге үлес қосады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әскер қатарында болу абыройлы міндет екенін атап өтіп, еліміз өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне баса мән беретінін жеткізді.
– Қуатты Армия – тәуелсіздік тірегі, қарқынды даму кепілі. Бүгін сапта тұрған сарбаздар – нағыз отаншыл, батыл, мықты азаматтар. Қазақстан Армиясының келешегі сіздердің қолдарыңызда! Әділетті және Қауіпсіз Қазақстанды құратын да – Сіздер. Мен Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде еліміздің білімді, адал, озық жастарына сенемін! Алдағы күндері сіздердің қаншалықты күшті әрі епті екендеріңіз сыналады. Әскери қызметтің қандай болатынын сезініп, заманауи армияның озық технологияларымен танысасыздар. Нағыз жауынгер табанды еңбек, қатаң тәртіп пен жауапкершілік қана жеңіске жеткізетінін біледі. Тактикалық ойындар кезінде сіздерге батылдық пен шешімталдық қажет болады. Командамен ұйымдаса әрекет ету, бір-біріңе көмектесу талап етіледі. Бүгін осы жиында Қазақстанның намысын «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының ең үздік мүшелері қорғайды. Жастарымыз жарысқа лайықты деңгейде қатысып қана қоймай, өздерін осы елдің қонақжай әрі кеңпейіл иесі ретінде көрсететініне сенімдімін. Осы жиыннан жаңа дағды үйреніп, адал дос тауып, керемет әсермен оралуларыңызға тілектеспін. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиын аясында балалар мен жасөспірімдер «Айбын дарыны» интелектуалдық ойынына, «Smart Sarbaz» технологиялық конкурсына және «Айбын» жұлдызы шығармашылық сайысына қатысады. Пневматикалық мылтықтан ату, Калашников автоматын шашып, қайта жинаудан жарысады.
Сондай-ақ бағдарламада спорттық сайыстар, «Күшіміз бірлікте» әскери-тактикалық ойыны бар. Кешқұрым жастар алау басында патриоттық әндер орындайды.