Саясат

Жанат Момынқұлов: Қоғам назарындағы сұрақтарға мазмұнды жауап

Жаңа жылда Президент қоғамның көкейінде жүрген өзекті сұрақтарға реакция танытып, ашық жауап беруге тырысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өткенге қорытынды жасап, жаңа жылдың бағыт-бағдарын айқындады. Күрделі жыл болғанына қарамастан, елімізде инфрақұрылымды, әлеуметтік жобаларды дамыту, реформалар жалғасын тауып,  «жасампаздық стратегиясы» одан әрі жүзеге асты. Алапат су тасқыны кезіндегі құтқару жұмысымен қоса кейбір олқылықтар туралы ашық айтылып, азаматтық ұшақ апаты кезінде мемлекеттік органдардың және жергілікті халықтың жедел жәрдеміне жоғары баға берілді. Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбаты туралы Еуразия ұлттық университеті, саясаттану кафедрасының меңгерушісі Жанат Момынқұлов осылайша пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Сұхбатта саяси салада Президент «Парламент сайлауы ерте болады», «Үкімет ауысады» деген қауесеттерді жоққа шығарып, бірыңғай уақыт белдеуі туралы жан-жақты зерттеу жүргізіліп, көктемде ортақ шешім болатынын айтты.  Экономиканың  өсімі кемінде 4%-дан жоғары болатыны ескертілді. Доллардың өсуіне байланысты теңге құнының төмендеуі халықаралық, экономикалық себептермен түсіндірілді.

Соңғы үш жылда Қаңтар оқиғасына байланысты нақты шаралардың қолға алынып, біз білмейтін біраз жайттардың сыры ашылды. Президенттің ойынша, «Әділетті мемлекет» дегеніміз – құқықтық мемлекет. «Заң мен тәртіп» мемлекеттік құрылыстың қағидаты ретінде қоғам болмысының ажырамас бөлігіне айналуы қажет деп, осы орайда елде арнайы заңдар қабылданып, реформалар жүргізілгені тілге тиек етілді.  

Президент заңсыз активтер қайтарылып, мемлекет қазынасына 2 трлн теңге (4,1 млрд дол.) қаражат түсіп, мектептер мен әлеуметтік инфрақұрылым салуға жұмсалып жатқанын мәлімдеді.  Сонымен қатар әртүрлі әңгімелерге қарамастан, Назарбаевтың елімізге сіңірген тарихи еңбегін бағалайтынын Мемлекет басшысы ашық айтты.  

Елдің басқару жүйесі парламенттік емес, алдағы кезенде де президенттік болып қала беретіні нақты айтылды. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі бола алатынын айтқан Президент жасанды интеллект бойынша KazLLM моделіне назар аударып, ашық үкімет бойынша да алда келе жатқанымызды мақтан тұтты», - деді Ж. Момынқұлов.

Сондай-ақ ол сұхбатта халықаралық саясатта Путинмен ресми, бейресми кездесуде екі жақты ынтымақтастықты нығайту, халықаралық алаңдағы өзара түсіністікті бекемдеу, Қазақстанның көп жақты саясатының мәні талқыланып, энергетика, Ресеймен стратегиялық одақтастықты дамыту туралы еліміздің берік ұстанымы анықталғанына тоқталды.  

«Тоқаев қазақ-қытай ынтымақтастығы «мәңгі стратегиялық серіктестік» деңгейіне жетуі Қазақстан мүддесіне сай келетініне назар аударды. Сонымен қатар Президент Украина мәселесіне қатысты өз ұстанымын нақтылай түсіп, сыртқы оқиғалардың елге жағымсыз ықпалын азайтуға тырысатынын айтты. Осы ретте ол Қазақстанның Орта держава ретінде геосаяси орталықтардың арасында дәнекер бола алатынын меңзеді.

Қазақ тілінің болашағы жарқын екеніне сенім білдірген Президент мемлекеттік тіліміздің қоғамды ұйыстыру жолындағы маңызды рөлін айрықша атап өтті. Мемлекет болашағы - жастарға материалдық және моральдық жағынан қолдау көрсетіп, өз Отанында табысты еңбек етуіне жағдай жасауына көбірек мән беретін болады.  

Президенттің осы мақаласы қоғамдағы сұрақтарға мазмұнды жауаптар беріп, еліміздің осы жылдағы даму бағыты мен саяси-экономикалық мақсаттарды белгілейді», - деді ол.