Саясат

Тоқаев: Оқуда үздік нәтиже көрсеткен академия түлектеріне бірден «аға лейтенант» шенін беру қажет

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Жалпы азаматтардың қауіпсіздігі мен заң талаптарын мүлтіксіз сақтау үшін құқық қорғау жүйесін одан әрі реформалау керек. Бірақ реформалар реформа үшін ғана жасалмайды. Басты мақсат – қоғамның құқық қорғау жүйесіне сенімін арттыру. Кейбір қызметкерлердің әділетсіз немесе немқұрайды әрекеті күштік құрылым өкілдерінің атына кір келтіреді. Азаматтар мен бизнестен заңды талап еткенде, өздеріңіз лайықты үлгі көрсетулеріңіз қажет. Сонда ғана полиция қызметкерлері мен азаматтар арасында сенімді әріптестік орнайды. Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру қаншалықты табысты болатыны сіздерге байланысты. Бұл ретте мемлекет қоғам қауіпсіздігі мен елдегі заң үстемдігін қамтамасыз ететін жандарды жан-жақты қолдауға әрқашан айрықша мән береді. Менің тапсырмаммен биылдан бастап күштік құрылымдар еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшті. Бұл тәсіл, ең алдымен, аудан деңгейіндегі қызметкерлердің жалақысын көтеруге мүмкіндік берді. Мәселен, үш жылдық тәжірибесі бар полиция жедел уәкілінің еңбекақысы 60 пайызға өсті. Біз тәртіп сақшыларын құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғау үшін кешенді шаралар қабылдаймыз. Ведомстволық жоғары оқу орындары курсанттарына жағдай жасап, ынталандыру маңызды. Олар – біздің күштік құрылымдардың болашағы. Оқуда үздік нәтиже көрсеткен және үлгілі тәртібімен ерекшеленген академия түлектеріне бірден «аға лейтенант» шенін беру қажет деп санаймын. Сондай-ақ оларға бос жұмыс орындарынан өзі қалаған қызмет түрін таңдауына мүмкіндік берілуі керек. Үкімет заңға енгізілетін өзгерістерді әзірлесін»,- деді Президент.