Саясат

Тоқаев: Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома

Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөз сөйледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен технология барлық мемлекеттер үшін стратегиялық маңызы бар мәселе екеніне назар аударды.

– Дамыған елдер ғылымға да, технологияға да баса мән беріп жатыр. Заманның беталысын баршаңыз көріп отырсыздар. Жаһандық геосаяси ахуал тұрақсыз, құбылмалы, сын-қатерлер аз емес. Бірақ қытай халқының белгілі пайымдауына сенсек, дағдарыс кезінде жаңа мүмкіндіктер туады. Қазір – инвестицияның, ғылым мен жоғары технологияның уақыты. Бүгінде кез келген елдің әлемдегі орны ғылымның даму деңгейіне қарай анықталады. Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома. Түрлі мемлекеттер арасында технологиясы дамыған озық ел болу үшін күрес жүріп жатыр. Орталық Азиядағы бәсекелестік те күшеюде, бұл – түсінікті, заңды үрдіс. Сондықтан біз де осы салаға баса мән беруіміз керек, нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында алдымызға айқын мақсат қойылғанын айтты. Соған сәйкес, Қазақстан алдағы үш жылдың ішінде цифрлық ел болуы керек, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жан-жақты пайдаланып, оны барлық салаға енгізу қажет.

– Бірнеше күн бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясындағы сөзімде еліміздің даму бағдарына арнайы тоқталдым. Сондай-ақ дүние жүзінде болып жатқан үдерістерге Қазақстанның көзқарасын білдірдім. Жаһан жұрты береке-бірлікте өмір сүру үшін өзара сыйластықты, теңдік пен ынтымақтастықты таңдауы қажет. Сонда ғана мемлекеттер арасында табысты қарым-қатынас орнайды. Осы айдың басында Қытайға ресми сапармен барғанымды білесіздер. Онда құны 15 миллиард доллар болатын 70 инвестициялық келісімге қол қойылды. АҚШ-қа сапарым кезінде әлемдік компаниялардың басшылығымен келіссөздер өткіздім. Оның ішінде Amazon, Meta сияқты жасанды интеллект және жоғары технология саласындағы ірі корпорациялар бар. Сондай-ақ қаржы-инвестиция саласындағы Goldman Sachs, Blackstone, Cerberus Capital Management, Citigroup корпорацияларының жетекшілерімен кездестім. Wabtec, PepsiCo және басқа да ірі компаниялармен коммерциялық келісімдер жасалды. Сапар аясында экономикамыздың басты салаларын қамтитын 11 келісімшартқа қол қойылды, жалпы құны 5,2 миллиард доллардан асады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.