Тоқаев: Қазақстан «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдайды
Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, ерекше қонақжайлық көрсеткені үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке ризашылығын білдіріп, бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша, күн тәртібі өзекті екенін айтты.
– Түбі бір түркі жұртының тарихы – тамырлас, халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар деп үнемі айтып жатырмыз. Мұның бәрі – берекелі бірлігіміз бен мәңгілік ынтымағымыздың алтын арқауы. Жақында елдеріміз «Түркі халықтарының ынтымақтастық күнін» атап өтті. Бұл – бірлігімізді бекемдей түсетін маңызды мереке. Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы достас халықтардың басын қосқан мәртебелі әрі беделді құрылымға айналды. Былтырдан бері Ұйымға құрметті Президент Садыр Жапаров бастаған қырғыз елі тиімді төрағалық етті. Қырғыз тарапына ризашылығымызды білдіреміз. Енді төрағалық құрметті Ильхам Гейдар оглудың басшылығымен Әзербайжан тарапына беріледі. Алдағы уақытта да Ұйымымыздың абырой-беделі арта түседі деп сенеміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік жүйесі күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтіп, қақтығыстар мен шиеленістер, геосаяси текетірестер әлемнің кез келген мемлекетіне әсер ететін қауіпті үрдіске айналғанына тоқталды.
– Осындай алмағайып заманда 30 жылдан астам уақыт шешімін таппаған шиеленіске қатысты Әзербайжан мен Арменияның Бейбітшілік декларациясына қол қойғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл тұрақтылық пен экономикалық өрлеуге жол ашатын тарихи мәміле болды. Қазір әлемдегі геосаяси ахуал аса күрделі, сондықтан түркі елдері ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс. Бүгінде жаһан жұрты бізді зор сын-қатерлерге төтеп бере алатын, беделі мықты, ынтымағы жарасқан мемлекеттер ретінде таниды. Бірқатар ел біздің Ұйымға ерекше қызығушылық танытуда. Бұл ретте Қазақстан ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдайды. Осы бастама біздің Ұйымның халықаралық беделін арттыруға жол ашатыны сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Түркі мемлекеттері аумағында тұрақтылықты, қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту ісінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің рөлі мен әлеуеті ерекше.
– Кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру үдерісіне қолдау көрсеткен Әзербайжан тарапына, сондай-ақ барша түркі мемлекеттеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Түркі елдерінің қауіпсіздікті нығайту және сын-қатерлерге, соның ішінде терроризмге қарсы тұру жолындағы мақсат-мүддесі – ортақ, сондықтан осы бағыттағы ықпалдастығымыз табысты жүзеге асуда. Бәріміз жаһандық қауіпсіздікті сақтау жолындағы бастамаларды қолдап келеміз. Бірақ біз мұнымен шектеліп қалмауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген елдердің шекараға бағынбайтын жаңа қатермен бетпе-бет келіп отырғанын алға тартып, Ұйым аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды.
– Бұл Кеңес мемлекеттеріміздің іс-қимылын үйлестіріп, күш жұмылдыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік пен технологиялық байланысты бекемдей түседі. Биыл қыркүйекте осы тақырып бойынша Алматыда өткен конференция нәтижелері киберқауіпсіздік саласындағы ықпалдастықты күшейту аса маңызды екенін тағы да растады, – деді Президент.