Саясат

«Таза Қазақстан»: Көкшетауда 7 мыңнан астам ағаш отырғызылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Көкшетау қаласындағы «Көк шалғын» біртұтас қоғамдық кеңістігін қалыптастыру жобасы таныстырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жоба тұжырымдамасына сәйкес, Мәңгілік алау, Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік алаңы және Сағдиев көшесі секілді қаланың ең көрнекті жерлерін үйлесімді сәулетімен және дизайнерлік шешімдерімен ерекшеленетін бірыңғай туристік бағытқа біріктіру көзделген.

Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев жоба аясында аумақты көгалдандыру, сондай-ақ автоматты суару жүйесі, құрғақ субұрқақ, декоративті шамдар мен сәнді орындықтар орнату жұмыстары жүргізілетінін айтты. Қопа көлімен және жаңа жағалаумен ұштасатын кеңістік қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы ортаға айналады. Жалпы аумағы 7,5 гектарға жуық жер абаттандырылып, жасыл желек отырғызылмақ.

Президентке «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық акциясы аясында Көкшетауда 7 мыңнан астам ағаш отырғызылғаны туралы баяндалды. Жыл соңына дейін оның саны 11 мыңға жеткізіледі.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы биыл маусым айында пайдалануға берілген жаңа жағалаумен танысты.