Сенат Қазақстан мен Қырғызстанның инвестицияларды қорғау туралы келісімін мақұлдады
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасында инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң қабылданды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталған келісімге 2024 жылғы 19 сәуірде Қырғызстан Президентінің Астанаға жасаған ресми сапары аясында қол қойылған. Қырғыз тарапы бұл құжаттың жаңа нұсқасын 2021 жылы өз еліндегі атқарушы билік жүйесіндегі өзгерістерге байланысты қайта ұсынған болатын.
Сенатор Геннадий Шиповскихтың айтуынша, 1997 жылы қабылданған алдыңғы келісім қазіргі халықаралық және ұлттық заңнама талаптарына толық сәйкес келмегендіктен жаңартуды қажет еткен.
«Мұндай келісімдер инвесторлар үшін тұрақтылық пен сенімділіктің кепілі. Бұл – инвестициялық климаттың сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам»,- деді сенатор.
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы экономикалық байланыстар қарқынды дамып келеді. Бүгінде Қазақстан Қырғызстанның ең ірі үш сауда серіктесінің бірі саналады. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1,71 млрд АҚШ долларына жетіп, Қазақстаннан Қырғызстанға экспорт көлемі 9,6%-ға өсіп, 1,3 млрд долларды құрады.
«Бұл көрсеткіштер біздің экономикалық әріптестігіміздің тұрақты екенін білдіреді. Қырғызстанмен стратегиялық әріптестік Орталық Азиядағы аймақтық интеграцияны нығайтуға мүмкіндік береді», - деді Геннадий Шиповских.
Оның сөзінше, келісімді іске асыру әлеуметтік-экономикалық тұрғыда теріс әсер етпейді және республикалық бюджеттен қосымша қаражатты қажет етпейді.
«Бұл заң жобасы жұмыс тобы мен комитеттердің отырыстарында жан-жақты талқыланды. Сенат комитеттері тарапынан ескертулер мен қарсылықтар түскен жоқ. Осыған байланысты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті аталған заң жобасын мақұлдауды ұсынады»,- деп қорытындылады сенатор.