Саясат

ҚР Орталық сайлау комиссиясы алғаш рет ЕҚЫҰ ДИАҚБ штаб-пәтеріне барды

2025 жылғы 19-20 мамыр күндері Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Польша Республикасына жұмыс сапары аясында электоралдық процес мәселелері бойынша халықаралық әріптестермен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Іс-шараларға ҚР ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман да қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

ЕҚЫҰ ДИАҚБ басшылығымен кездесу

ҚР ОСК бастамасымен алғаш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) директоры Мария Телалианмен кездесу Варшава қаласындағы ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның штаб-пәтерінде өтті.

Кездесу барысында ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Мария Телалианды жақында ғана тағайындалуымен құттықтап, бұл жауапты қызметінде табыс тіледі.

Нұрлан Әбдіров Қазақстанның ЕҚЫҰ ДИАҚБ-мен сындарлы диалогты дәстүрлі түрде жоғары бағалайтынын және оның байқау миссияларының қорытынды ұсынымдарына мұқият қарайтынын атап өтті.

«Біз Бюро ұсынымдарын ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңесте азаматтық қоғам өкілдерінің, оның ішінде Жас сайлаушылар клубының және Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтары жөніндегі жұмыс тобының қатысуымен жүйелі түрде талқылаймыз», - деді ол.

Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы ЕҚЫҰ ДИАҚБ-мен ынтымақтастық Қазақстанға басқа елдердегі сайлауларды байқауға ғана емес, сонымен қатар ДИАҚБ-ның ұзақ және қысқа мерзімді миссиялары аясында байқаушы ретінде қатысуға мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар, бұл Қазақстанның халықаралық конференцияларға қатысуына жол ашады және электоралдық өзгерістер үдерісінде белсенді болуға мүмкіндік береді.

Нұрлан Әбдіров Президент Қ.К.Тоқаевтың бастамашылық еткен конституциялық реформалар аясында Қазақстандағы сайлау жүйесінің трансформациясы туралы кеңінен баяндап, бұл өзгерістер қоғам сұранысына негізделгенін атап өтті. Бұл трансформация ЕҚЫҰ ДИАҚБ басшылығының қызығушылығын туғызды.

Өз кезегінде ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның директоры Мария Телалиан былай деп атап өтті.

 «Ең алдымен, бұл сапардың өте пайдалы болғанын айтуым керек. Ол Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы сайлауды байқау мәселелері бойынша ДИАҚБ-мен сындарлы диалог жүргізуге шынымен де ниетті екенін дәлелдейді. Бұл кездесу болашақта да ынтымақтастықты жалғастыруға дайындық бар екенін айқын көрсетті. Біз мұндай өзара іс-қимылды дамыту әлеуетін көріп отырмыз», - деді спикер.

Кездесу барысында тараптар сараптамалық консультацияларды тұрақты түрде өткізуге ниетті екенін растады. Сонымен қатар сайлауды ұйымдастыру, мониторинг жүргізу тәжірибесі және Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесімен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Польша Ұлттық сайлау комиссиясының төрағасымен кездесу

Нұрлан Әбдіров Польша Республикасының Ұлттық сайлау комиссиясының Төрағасы Сильвестр Марчинякпен кездесу өткізді.


Кездесу барысында ҚР ОСК Төрағасы 2025 жылғы 18 мамырда өткен президенттік сайлаудың бірінші турының сәтті өтуімен әріптесін құттықтады.

Кездесу барысында сайлау науқандары кезіндегі жалған ақпарат пен дипфейктерге қарсы күрес тақырыбына ерекше назар аударылды. Нұрлан Әбдіров осы бағыттағы тәжірибе алмасуға мүдделілік танытып, цифрлық ортадағы заманауи қауіптерге қарсы тұра алатын тұрақты тетіктер қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Тараптар электоралдық өзекті мәселелер бойынша сараптамалық консультациялар өткізуді қоса алғанда екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу соңында қазақстандық делегация поляк әріптестеріне ОСК әзірлеген ғылыми басылымдарды, оның ішінде ағылшын тіліндегі «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына – 30 жыл. Қазақстан Республикасы сайлау жүйесінің трансформациясы» атты монографияны және «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» халықаралық конференциясының материалдар жинағын табыстады.

Сондай-ақ, Ортсайлауком Төрағасы Польшадағы президенттік сайлауды байқау бойынша ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының баспасөз конференциясының жұмысына қатысты.