Президент Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан цифрландыру ісіне, соның ішінде жасанды интеллект саласын дамытуға ерекше мән беретінін мәлімдеп, толық цифрлық ел болуды стратегиялық мақсат ретінде айқындағанын жеткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
– Жасанды интеллектіні жаппай дамыту үшін білікті мамандар даярлауды қолға алдық. Бағдарлама аясында жыл басынан бері 400 мыңнан астам студент арнайы білім алды. Сондай-ақ жасанды интеллект мамандарын оқытатын тұңғыш зерттеу университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан осы оқу ордасында білім алуға ниет білдірген түркі елдерінің жастарына арнайы гранттар бөлуге дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев аталған салалар бойынша Ұйым аясында жүзеге асыруға болатын бірқатар бастамаға тоқталып өтті.
– Жуырда Астанада Alem.Ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынамыз. Бұл Орталық стартаптарды қолдап, бірлескен жобаларды дамытуға жол ашады. Жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және венчурлік капитал тартуға мүмкіндік береді. Біз цифрландыру және жасанды интеллектінің әлеуетін халықтарымыздың игілігі үшін ұтымды пайдалануымыз қажет. Сонымен қатар жаңа технологиялардан туындайтын тәуекелдер мен сын-қатерлердің алдын алуымыз керек. Сондықтан келесі жылы Қазақстанда өтетін Ұйымның бейресми саммитін «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арнауды ұсынамын. Осы жиынның қарсаңында білікті сарапшылардың басын қосып, халықаралық конференция ұйымдастыруға дайынбыз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайда энергетика мәселесіне де баса мән беру керек екенін айтты.
– Бұл – экономикамыздың тірегі, стратегиялық әріптестігіміздің негізі. Бүгінде біз ортақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудамыз. Энергия тасымалдаудың қауіпсіз әрі ыңғайлы жолдарын қарастырып жатырмыз. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергия дәлізі – осы саладағы жемісті ынтымақтастық үлгісі. Сонымен бірге жаңартылатын энергия көздеріне, ең алдымен, күн энергиясына айрықша назар аудару қажет деген ойдамыз. Осыған орай, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе кеңесін құруды ұсынамыз. Дегенмен мұнай мен газды, уранды, көмірді, сирек кездесетін минералдарды игеру және оларды тиімді пайдалану Қазақстанның энергетикалық стратегиясының негізі болып қала береді, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, қазір әлемде аса күрделі мәселеге айналған су тапшылығы таяу арада Орта Азиядағы ең өзекті сын-қатер болуы мүмкін.
– Өзен-сулардың ортақ игілік екенін ескере отырып, оны тиімді пайдалану үшін жаңа тәсілдер керек деп санаймыз. Суару жүйесіне цифрлық бақылау орнату, тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолдану, су қоймаларының тиімділігін арттыру жөнінде бірлескен бағдарлама қабылдауға болады. Қазір Каспий теңізі тартылып бара жатқанын білесіздер. Бұған бәріміз алаңдап отырмыз. Қарт Каспийдің түркі жұрты үшін орны қашанда бөлек. Оны халықтарымыздың арасындағы дәнекер деуге болады. Соңғы жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл – жаһандық ауқымдағы мәселе. Мен мұны Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерекелік сессиясында айттым. Біз тамырлас және шекаралас елдер ретінде Каспий теңізінің ахуалын жақсартуға баса мән беруіміз керек. Мен түркі мемлекеттерін осы бағытта күш біріктіріп, бірлескен жобалар әзірлеуге, халықаралық бастамаларды қолдауға шақырамын. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен келесі жылы сәуірде Өңірлік саммит өткізуді жоспарлап отыр. Тақырып: «Тұрақты болашақ жолындағы ортақ көзқарас». Біз түркі елдері осы саммиттің жұмысына жоғары деңгейде белсене қатысады деп үміттенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұйымға мүше елдер арасында мәдени-гуманитарлық байланыс та нығайып келе жатқанын тілге тиек етті
– Биыл Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Соның аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Каспий жағалауында түркі мәдениетінің фестивалі өтті. Осы маңызды іс-шараға 100 мыңнан астам көрермен қатысты. Бұған қоса, биыл Алматы қаласы Түркі әлемі жастарының астанасы атанды. Біз өскелең ұрпақты бауырластық рухында тәрбиелеп, жастарымыздың мәдени ықпалдастығын нығайтуды қолға алуымыз қажет. Осыған орай, келесі жылы Алматыда Креативті экономика форумын өткізуді ұсынамыз. Мұндай қадам жастарымызды жақындастыруға, олардың білімін және білігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақта «Өнерлі өрге жүзеді» деген сөз бар. Шын мәнінде, өнер, білім, ғылым құндылықтары өркениетіміздің өрісін кеңейтуге ықпал етеді. Қазақстанда елдеріміздің зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, арнайы іс-шара өткізген орынды болар еді. Бұл іс-шараны Ұйымымыздың Ақсақалдар кеңесінің аясында өткізуге болады. Оның үстіне, Түркі әлемін зерттеушілер клубын құруды ұсынамыз. Оны Түркі Академиясының негізінде қалыптастыруға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұйымға төрағалық ететін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке мол табыс және сәттілік тіледі.